Жәмила Бақбергенова PWL-4 турнирінде жеңіске жетті
Алматыда Поддубныйдың күрес лигасы халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 13 елдің ең мықты палуандары қатысты. Бұл жолы жарыстың жүлде қоры да қомақты болды. Қазақстанның намысын 3 спортшымыз қорғады. Әсіресе Жәмила Бақбергенова керемет камбэк жасап, жанкүйерлердің ерекше ілтипатына бөленді.
PWL-4 кәсіби күрес кеші Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Бұған дейін ол 2 рет Мәскеуде, 1 рет Бішкек қаласында өткен. Ұйымдастырушылар турнирді Қазақстанда өткізуді әу баста ойлағанын айтады. Өйткені қазақстандықтардың күреске деген ықыласы ерекше екенін жақсы біледі.
Турнирде еркін күрес, әйелдер және грек-рим күресі бойынша 19 белдесу өтті. Жекпе-жектердің барлығы тартысты болды. Қырғыз палуаны Жоламан Шаршенбеков ресейлік Дінислам Бамматовты айқын басымдықпен жеңді. Спорт сарайында қырғыз ағайындардың көптігі бірден білініп тұрды.
Жоламан Шаршенбеков, PWL-4 турнирінің жеңімпазы:
- Бұл жақта сен айтып кеткенде қырғыз біртуғандарымыз келді. Сондай-ақ қазақ біртуғандарымыз бізге жанкүйер болды. Зал толы. Жоламан деп қолдап, рух бергенде жеңілуге хақым болмады. Осындай үлкен мотивация берді.
Әйелдер күресінен 72 келіге дейінгі салмақтағы белдесуде қызық өрбіді. Ресейлік Ксения Буракова біздің спортшы Жәмила Бақбергеновадан 5:0 есебімен алда тұрған. Жекпе-жек соңына қарай жанкүйерлердің қолдауы рухтандырған Жәмила намысқа тырысып, жеңісті жұлып алды. Есеп 6:5.
Жәмила Бақбергенова, PWL-4 турнирінің жеңімпазы:
- Осы жекпе-жек мен үшін оңай болған жоқ. Негізі Алматыныкімін. Бірақ Алматыда көп болмаған соң, мен үшін демалу қиын өтті. Бірақ мен оған да қиын болып жатқанын білдім. Олар – басқа мемлекеттің қыздары. Мен – осы Алматының тумасымын. Осындай қолдаудың арқасында күрескім келеді. Бүгін осынша көп жанкүйер келгенін көріп тұрмын.
Еркін күресте жерлесіміз Азамат Дәулетбеков ресейлік Арслан Багаевты жеңді. Ал Болат Сақаев ұтылып қалды. Көптің күткені 2 дүркін олимпиада чемпионы грек-рим күресінің шебері ресейлік Роман Власов пен қырғыз палуаны Ақжол Махмұдов арасындағы белдесу еді. Өте шиеленісті өткен кездесуде Ақжолдың мерейі үстем болды.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ғафу Уәли, Валентин Лобанов.