Шымкентте жасөспірімдер арасында теннистен ӘЧ іріктеу турнирі басталды
Шымкентте жасөспірімдер арасында теннистен әлем чемпионатының іріктеу турнирі басталды.
Байрақты бәсекеге Азия және Тынық мұхиты аймағынан 16 елден жүзге жуық спортшы жиналды. Жарыс жолына шыққан ұлдар мен қыздар құрамасы екі апта бойы өзара бақ сынайды. Сайыстың ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан Теннис федерациясының вице президенті арнайы қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
16 жасқа дейінгі спортшылар шақыртылған байрақты бәсеке - бәсі биік, жауапкершілігі жоғары турнир. Өйткені бабы мен бағы қатар шапқан теннисшілерге әлем чемпионатына жолдама беріледі. Мұндай маңызды іріктеу турнирін Шымкентте өткізудің өзіндік орны бар. Ауа-райы қолайлы, теннис кордтары халықтаралық талапқа сай.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Мұндай үлкен халықаралық жарысты ұйымдастыру үлкен мәртебе. Ең бастысы, біздің спортшыларымызға сәттілік тілеп, керемет ауа райындағы ойын сәтті өте берсін деймін.
Әуелі жарыс жолына қыздар құрамасы шығады. Олар В тобында өнер көрсетеді. Бұл тізімге жеребе қорытындысына сәйкес Жапония мен Иран және Вьетнам командалары жайғасты. Дода мамыр айының алтысына дейін жалғасады.
Диас Досқараев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:
- Осы жерде аптаның аяғында үш команданың 1-2-3 орын алған мемлекеттері әлем чемпионатына тамыз айында Чехияға барады. Біздің құрама командаға үлкен мақсат қойып тұрмыз. Осы әлем чемпионатына шығу.
«Бірлігіміз жарасқан» мерекелік шарасы
Үздік теннисшілердің бос уақытын тиімді өткізу үшін қаланың көрікті орындарын аралып, мәдени мол мұраларды тамашалау ұсынылды. Сондай-ақ бірлік күніне орайластырылған мерекелік концерт, қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды.
Сергей Васильев, қала тұрғыны:
- Мен қазақ тілін кішкентай кезімнен үйренгенмін. Қасымдағы бауырларымның бәрі қазақ. Бірінші мамыр біз үшін ерекше күн. Барша қазақстандықты осы мерекемен құттықтаймын.
Қазақстан халқының бірлігі мен бейбітшілігін, ынтымағы мен татулығын ту еткен шара күн ұзаққа жалғасты. Әннен шашу шашылып, мерекелік концерт қойылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов