Талдықорғанда баскетболдан қыздар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр
Ел үздіктері Жетісуға жиналды. Талдықорған қаласында баскетболдан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының алғашқы кезеңі өтті.
21 жасқа дейінгілер арасындағы бәсекеге 7 аймақтың командалары жиналды.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысының құрамалары айтулы аламанға алғаш қатысып тұр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бұрымды баскетболшылар аптадан аса уақыт айналмалы жүйеде ойнап шықты. Енді олар ел чемпинатының 2-ші кезеңі аясында Алматыда қайта жолығады.
Еске салайық, бұның алдында Астанада ұлдар арасындағы ішкі біріншілік ұйымдастырылды. «Бұл өскелең толқынның қарым-қабілетін байқап, осы жас деңгейіндегі ұлттық құраманы қалыптастыруға көмектеседі»,- дейді мамандар.
Иван Гайна, баскетболдан мемлекеттік жаттықтырушы:
- Қазақстан чемпионаты жыл сайын тұрақты ұйымдастырылады және уақыт өткен сайын жарыстың деңгейі мен ішкі бәсекелестік артып келеді. Бұл спортшылар жақын болашақта ересектер қатарына қосылып, кәсіпқой клубтар сапында өнер көрсетеді. Яғни, резерв деуге болады. Басқа жағынан ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы да жасақтаймыз. Сондықтан, осындай жарыстардың маңызы ерекше.