«Жетісу барысы» турнирінің жеңімпазы анықталды
Жетісу облысында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аудандық және қалалық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерлері Талдықорған төрінде «Жетісу барысы» атағын сарапқа салды. Боз кілемге шыққан 18 палуан өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 3-орын көксулық Нияз Ерсайынға бұйырды. Ал 2-орынды Алакөл ауданының үкілеген үміті Жігер Сәкенұлы еншіледі.
Бас жүлдені Руслан Әбдіразақ жеңіп алды. Ол осыған дейін «Қазақстан барысы» турниріне 10 рет қатысқан болатын. Енді, міне, тағы да сол байрақты бәсекеде 2-орын иегерімен бірге өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Руслан Әбдіразақ, «Жетісу барысы» турнирінің жеңімпазы:
- «Қазақстан барысын» ұтсам ба деген арманға жету үшін дайындық жасадым. Алла қаласа, Жетісу намысын «Қазақстан барысында» қорғап, биік жетістікке жетемін. Осы күмісі де бар, қоласы да бар. Алтыны ғана жетпей тұр. Сол Қазақстан барысында алтын алуға бар күш-жігерімді салам.