Амангелді Сейітхан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр
Алматыда «Хабар» Агенттігі» ұйымдастыруымен журналист, спорт комментаторы, айтыскер ақын, публицист, Ақпарат саласының үздігі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Амангелді Сейітханды еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өтті.
Аяулы әріптесіміз осыдан екі жыл бұрын бақилық болған еді. Амангелді Сейітханның көзін көрген әріптестері, ізбасар інілері аяулы азаматты тағы бір еске алып, ала доптың аламанына қатысты.
Амангелді Сейітхан көзі тірі болғанда биыл 54 жасқа келер еді. Ұзақ жыл «Хабар» арнасында қызмет еткен әріптесіміз, спорт жаңалықтарының шолушысы, комментатор ретінде бес Олимпиада ойындарына қатысып, хабар таратты. Тұңғыш рет футболдан әлем чемпионатынан қазақ тілінде тікелей эфир жүргізіп, спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Өзі де команда құрып, футбол ойнады.
Бауыржан Сейітхан, А.Сейітханның інісі:
- Ақылшы ағам болды. Мен үшін өте қиын болды. Бірақ та халқы бар, қазағы бар, қандай міне әлі күнге дейін небір посттарды салып жатады интернет желісінде, жақсылығын айтып, аузынан шыққан сөздерін еске алып жатады. Соның ішінде бүгін міне былтыр бастауын алып, биыл жалғасын тауып жатқан мына жарыс, ағамыздың атындағы турнир. Ерекше рахметімді айтқым келеді, жалпы қазақ жұртына елге, халыққа.
Амангелді Мәулітханұлы ғұмырының соңғы жылдарында «Хабар 24» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде шығарушы редактор қызметін атқарды. Екінші отбасындай болған ұжымы «Хабар» Агенттігінің» ұйымдастыруымен өткен турнирге Талдықорған, Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда және Атырау қаласынан 16 команда қатысып, Амангелді СейІтхан атындағы жүлделерді сарапқа салды.
Берік Уәли, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарма төрағасы:
- Бұл турнирді «Хабар» агенттігі биылдан бастап, өзінің қарамағына алды. Бұйырса, жылда біз осы турнирді өткізіп отыру жоспарымызда бар. Енді Әбекеңді қазақ журналистикасының қайрағы дейді. Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушылардың бірі деп айтсақ болады. Амангелді ағамыз барлық жасын да, жасамысын да орта жас бәрінің тілін тауып жүретін, жақсы кісі еді. Сол бір жарқын бейнесін есте қалдыру мақсатында, туған күнінің кезінде жылда осылай ұйымдастырып тұруды «Хабар агенттігі» биылдан бастап қолға алды.
Ержан Байтілес, журналист:
- Ол кісінің есімі халқының, жұртының, әріптестерінің, інілерінің, бауырларының, шәкірттерінің есінде мәңгілікке сақталатындығы біздің көңілімізге медеу береді. Амангелді аға, Амангелді Сейтхановтың армиясын қалыптастырып кетті. Сол армия бар кезде қазақ журналистикасындағы Сейітхановтың жолы, оның өмірдегі даңғыл салған жолы өшпейді, әрқашан бізбен бірге жасаса береді.
Бүгінде «Хабар» агенттігінің бастамасымен Амангелді Сейітхан туралы деректі фильмді түсіріліп жатыр. Жаңа туындыны спорт журналисінің өмірден өткен күніне орай, тамыз айында көрермен назарына ұсыну жоспарланып отыр.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов