Жүзуден параспортшыларымыз Берлинде тоғыз медаль алды
Қазақстандық параспортшылар жүзуден Берлинде өтіп жатқан халықаралық чемпионатта үздік нәтиже көрсетті.
Қос бірдей саңылағымыз рекорд жаңартты. Әлемнің 50 елінен келген спортшы бақ сынаған сайыс.
Бұл жүзуден 37-рет өтіп жатқан халықаралық парачемпионат. Қазақстанның намысын 9 спортшы қорғады. Екі бірдей жүзу шеберіміз Алина Дубинина мен Сергей Кинин жаңа рекорд орнатты.
Алина Дубинина, ұлттық құрама мүшесі:
- Мен арқамен жүзуден 50 метр, брасспен 50 метр жүзіп, Азия рекордын орнаттым. Мен үшін бұл үлкен жетістік. Бірінші күн қиын болды, екінші күні суды, жалпы жағдайды, күшіммен мүмкіндікті сездім. Әр қашықтықта нәтижені жақсарту қажет болды. Сол ойым жүзеге асты.
Сиязбек Дәлиев, ұлттық құрама мүшесі:
- Мен 13 жыл ұлттық құрама мансабында жүзіп келем. Тренировкаға мен күніне екі рет екі сағаттан бөлем. Мен осы жарысқа бірінші рет емес қатысып жатқаным. Бесінші рет келіп жатырмын Берлин қаласына. Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өте қиын. Біз осы Берлин жарысында жақсы көрсеткіш көрсеттік деп айта аламын. Өйткені біз эстафетада бір күміс және бір қола медальға ие болдық құрама командамен.
Жалпы командалық есепте біздің спортшылар 9 медаль еншіледі. Өрендеріміз эстафетада да ерекшеленіп, күміс және қола жүлдемен марапатталды.
Алина Синельникова, ұлттық құрама мүшесі:
- Біз эстафетада қола жүлдеге ие болдық. Бұл командалық көрсеткіш. Маған ұжымдық рух, қолдау ұнады. Жаттықтырушыларға, командаға, спортшыларға көп рахмет!
Айдар Қартпаев, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы:
- Бұл әлемдегі ең беделді жарыстың бірі. Біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Олар эстафеталық жүзуде жүлделі орындарға таласып, күміс және қола медальдарға ие болды. Жеке сайыстағы жетістіктігіміз деп 2 спортшымыздың орнатқан рекордын айта аламыз.
Спортшыларымыз алдағы күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия паралимпиада ойындарына қатысып, бұдан да үлкен нәтижеге қол жеткізуге үмітті.
Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева