«МанСити» Испанияның корольдік клубын ойсырата жеңді

«МанСити» Испанияның корольдік клубын ойсырата жеңді

Қазақстан хоккейшілерінің қауқары белгілі болды.

Әлем чемпионатының элиталық тобында бізге орын жоқ секілді. Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері Канадамен айдынға шығып, 1:5 есебімен жеңілді. Үйеңкі жапырақты елдің жігіттері матч тағдырын алғашқы жиырма минутта шешіп тастады. Маккензи Уигар бірінші минутта есеп ашып, кімнің басым екенін анық байқатты. Сосын Лоусон Крауз екі мәрте мергендік танытты. Қазақстан сапынан Әділ Бекетаев шайба соғып, ойынды ортадан бастатқызған еді. Алайда Джо Велено көзге түсіп, біздің құраманы сабасына түсірді. Екінші кезеңде қарсыластар қақпа кілтін таба алмады. Соңғы периодта Самуэль Блэйздің шайбасы матчқа нүкте қойды. Канада осы жеңістен кейін Б тобында 11 ұпаймен көш бастады. Қазақстан төрт ойыннан кейін екі ұпаймен жетінші орынға сырғыды. Біздің хоккейшілер енді әлем чемпионатындағы басты қарсыласы Словакиямен ойнайды. Бұл кездесу 19 мамырда өтеді. Қазақстан бұл ойында жеңілсе, элиталық топпен қош айтысады.

Рыбакина жартылай финалға шықты

wtatennis.com 

Дәл қазір Елена Рыбакинаға тең келер теннисші некен-саяқ. Бабында болса әлемдік рейтингте көш бастаған кез-келген ойыншының осал тұсын табады. Қазақстандық теннисші Италия ашық біріншілігінің жартылай финалына шықты. 1/4 финалда жерлесіміз әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентектен басым түсті. Поляк қызы алғашқы партияда сенімді ойнап 6:2 есебімен алға шыққан. Алайда екінші сетта Рыбакина табандылық танытып, тай-брейкте таразы басын теңестірді. Шешуші партиядағы ойын 2:2 болғанда Швентектің жарақаты сыр беріп, ойынды жалғастырудан бас тартты. Аяқталмаған матч екі сағат 22 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші Рим турнирінің жартылай финалында Латвиялық Елена Остапенкомен кортқа шығады. Қазір жерлесіміз әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. Егер осы турнирде топ жарса тағы бір саты жоғарлайды.

Чемпиондар Лигасы: "Манчестер Сити" - "Реал" 4:0

hoofoot.com 

"Манчестер Сити" чемпиондар лигасының финалына шықты. Пеп Гвардиола шәкірттері жартылай финалда кубоктың қазіргі иегері "Реалдың" осал тұсын тапты. "Этихад" стадионындағы матч 4:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Апта бұрын Мадридте қарсыластар 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Бұл жолы "Манчестер Ситидің" мықтылығы анық байқалды. Алғашқы таймда Бернардо Силва белсеніп, қос голдың авторы атанды. Португалиялық футболшы оң қапталдан шабуылға араласып, қақпашы Тибо Куртуаны қапы қалдырды. Үзілістен кейін де "Сити" ойыншылары королдік клубқа ес жиғызбады. 76-минутта испан командасының қорғаушысы Эдер Милитао допты өз қақпасына соғып алды. Матч соңына қарай алаңға тыңнан қосылған Хулиан Альварес мергендік танытып, ойынға нүкте қойды. "Манчестер Сити" Гвардиола келгелі екінші мәрте чемпиондар лигасының финалына жолдама алды. Екі жыл бұрын "Челсидің" мерейі үстем болған еді. Енді "Манчестер Сити" кубокты Италияның "Интерімен" сарапқа салады. Финал 10-шы маусымда Стамбулда өтеді.