Ақмола облысында «Жігер-2023» спартакиадасы мәресіне жетті
Оқушылар арасындағы дәстүрлі жарыс спорттың 7 түрінен ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шара биыл Қорғалжын ауданы Жантеке ауылында өтті. Оған кешегі Өзбекстанда бокстан өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары арнайы шақыртылды.
Спартакиада мемлекет және қоғам қайраткері Әділхан Шабатовтың 90 жылдығына арналған. Ауыл жастары арасында ұйымдастырылған жарыс 27 сәуір мен 20 мамыр аралығында өтті. Оған 13 мектептен 500-ден астам оқушы қатысты.
Балташ Медеубаев, спорт ардагері:
- Бүгінгі спартакиада біздің жастарға, әсіресе Жантеке жастарына үлкен көп үлгі береді. Өте маңызды. Олардың спортқа деген құштарлығы артады. Қарасаң, осы мықты-мықты деген чемпиондар ауылдан шығып жатыр.
Спорттық шара 7 түрлі сайыс бойынша өтті. Жеткіншектер президенттік көпсайыс, волейбол, дзюдо, үстел теннисі, футбол ойнап жарысты. Сондай-ақ спарткиада ережесіне тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойын түрлері енгізілген. Шара бұқаралық спортты насихаттап, ұлттық ойындарды дамытуға бағытталған.
Биылғы спартакиадаға бокстан Өзбекстанда өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары арнайы шақыртылды. Сондай-ақ муай-тай және киокушинкай каратэден Азия чемпиондары да барды. Олар финалдық ойындарға қатысып, ауыл жастарымен кездесті. Жұрт спортшыларды ерекше ықыласпен күтіп алды. Қазақы салтпен батырларға шапан жауып ат мінгізді.
Нұрбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:
- Ауыл балаларына мотивация берейік, олардан да чемпиондар шықсын. Осы ауылдан әлем, Олимпиада чемпиондары шықса, қуанамыз. Бізден де мықты болсын. Сондай ниетпен келдік негізі. Жастардың көздерінде от жанып тұр. Қуанып жатыр көргендеріне.
Дарын Сабырғали, Қорғалжын ауданы әкімінің орынбасары:
- Жігер спартакиадасын екінші жыл өткізіп жатырмыз. 2022 балалар жылына арнадық. Әлем чемпионы болған өзіміздің бауырламызды шақырдық Қорғалжын ауданына. Оқушыларымыздың арасындағы Жігер спартакиадасына. Енді олар да ауылдан шыққан. Соларды ынталандыру. Болашақ ұрпаққа еліміздің көк байрақ туын әрқашан көтере берсін деген оймен. Тәрбие. Тәртіп. Осының бәрі спортпен тікелей байланысты.
Финалдық ойындарға 200-ден астам оқушы қатысып өзара үздіктерді анықтады. Дәстүрлі шара келесі жылы Сабынды ауылында өтеді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Артур Горшников.