Қызылорда облысында самбодан халықаралық турнир өтті
Қызылорда облысының Жосалы кентінде самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Білікті бапкердің баптауымен алақандай ауылдан 70-ке жуық спорт шебері мен халықаралық, құрлықтық бәсекелердің чемпиондары шықты. Серікбаев самбодан Қармақшыдағы Тәймбет Көмекбаев мемориалының халықаралық деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. Сол турнирде томағасын сыпырған талай балуандар ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүр. Бұл жолы артында қалған шәкірттері бапкер есімін есте сақтау үшін тағы бір дода ұйымдастырды. Боз кілем бәсекесіне өңірлерден бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстаннан да балғын балуандар келді. Жалпы саны 14 команда сапында 160-тан аса жеткіншек 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Бағдат Қалено, жарысты ұйымдастырушы:
- Ең жеңіл салмақта қызылордалық Бақдәулет Темірбекұлы топ жарса, 46 және 53 келіде ақтаулық Арман Өмірбек пен Ғани Орысбайұлы жеңіске жетті. 49 және 64 келіде оралдық Әділет Егімбай мен Амандық Жасұлан чемпион атанды. 79 келіде бас жүлде Тәжікстанға кетті. Турнир қорытындысы бойынша, жергілікті балуандар командалық есепте 1-орын алды. Ақтау мен Оралдан келген жас самбошылар өзара жүлделі орындарды бөлісті.