ҚПЛ: «Қайрат» ойсырай ұтылды

ҚПЛ: «Қайрат» ойсырай ұтылды

Қазақстан премьер-лигасында күтпеген нәтижелер тіркеліп тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас жүлдеден дәмелі командалар төменгі қатардағы клубтарға ұпай үлестіреді. 10-шы турда «Қайрат» өз алаңында «Қайсардан» ойсырай ұтылды. Алматы футболшыларының бұлай жеңілетінін ешкім болжаған жоқ. 10-шы минутта қызылордалық команданың шабуылшысы Жоао Педро есеп ашты. Голдан қуат алған «Қайсар» ойыншылары матч тағдырын алғашы таймда шешіп тастады. Дмитрий Бородин 24-ші минутта пенальтиден нәтижені еселей түсті. Тайм соңына қарай «Қайрат» қорғаушыларының жүйкесі тағы сыр берді. Бородин екінші мәрте 11 метрліктен мүлт кетпеді.

«Қайрат» осы маусымда екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Сәуір айында Кирилл Кеккер шәкірттері «Жетісуға» есе жіберген еді. Қазір Алматы командасы турнир кестесінде 18 ұпаймен 5-орында қалды.

«Қайсар» 16 ұпаймен жетінші орынға жайғасты. Топ басында «Астана» келеді. 10-шы турда «Тобыл» «Мақтааралдан» басым түссе, «Ордабасы» «Оқжетпесті» жеңді. «Ақтөбе» мен «Каспий» ұпай бөлісті.