Рыбакина Римдегі турнирде топ жарды
Өткен демалыста отандық спортта айтулы жеңістер көп болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның бірі – Елена Рыбакинаның Римдегі мастерс санатындағы турнирде топ жаруы. Қазақстандық теннисші Ролан Гаррос қарсаңында спорттық мансабындағы бесінші жүлдесін еншіледі. Рыбакина Италия ашық біріншілігінің финалында украиналық Ангелина Калининаның осал тұсын тапты. Әлемнің 47-ші ракеткасы екінші партияда жарысты жалғастырудан бас тартты. Алғашқы сет 6:4 есебімен Рыбакинаның пайдасына аяқталған еді. Елена Рим турниріндегі жеңісінен кейін жарты млн еуро сыйақы алып, әйелдер арасындағы рейтингте 4-орынға көтерілді.
Енді Рыбакина Франция ашық біріншілігіне дайындалады. Ролан Гаррос мамырдың соңында басталады.