Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатымен қош айтысты
Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері соңғы ойынын Словениямен өткізіп, 4:3 есебімен басым түсті. Алайда бұл жеңіс плей-офф кезеңіне жеткіліксіз болды.
Қазақстан өз тобында жеті ұпаймен алтыншы орында қалып қойды. Дегенмен Латвиядағы әлем біріншілігінде отандық хоккейшілер негізгі мақсатты орындап, келесі жылы Чехияда өтетін дүниежүзілік чемпионатқа жолдама алды. Словениямен ойында есеп екінші минутта ашылды. Анже Куралт мергендік танытты. Сосын Никита Михайлис таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін Куралт Қазақстан қақпасына екінші шайбасын соғып, Словенияны тағы алға шығарды. Біздің құрама сапынан Батырлан Мұратов белсенді. Ол екінші кезең аяқталар тұста Словения қақпашысын қапы қалдырды. Бұл матчта Қазақстан нәтижелі шабуылмен дер кезінде қарымта қайтарып отырды.
Шешуші кезеңде Словения хоккейшілері үшінші шайбаны соғып, тағы алға шыққан еді. Ян Дрозг өз командасын алға жетеледі. Тоғыз минуттан кейін таблодағы көрсеткіш өзгерді. Евгений Рымарев қарсыластар қақпасын дәл көздеп, ойынды ортадан бастатты. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда Максим Мұхамедов Словения қорғаушыларын қапы қалдырды. Қазақстандық хоккейшінің шайбасы ойынға нүкте қойды.