Парижде «Ролан Гаррос» турнирінің жеребесі тартылды

Парижде «Ролан Гаррос» турнирінің жеребесі тартылды

Биылғы Франция ашық біріншілігінде  жанкүйерлер Елена Рыбакинаның жолына көз тігеді.

Қазақстандық теннисші турнир кестесінің жоғарғы бөлігінен орын алды. Рыбакина алғашқы айналымда іріктеу кезеңінен өткен ойыншылардың бірімен кездеседі. Осы турнирдің былтырғы чемпионы Ига Швентек те жеребе бойынша жоғарғы қатарда орналасқан. Әлемнің бірінші ракеткасы Рыбакинамен тек жартылай финалда жолығуы мүмкін. Елена биыл топырақ төсеніштегі үлкен шлем жарысына бесінші мәрте қатысып жатыр. 23 жастағы теннисші 2019 жылы алғашқы ойында жеңіліп қалса, араға жыл салып, екінші раундқа дейін жетті. Ал 2021 жылы ширек финалға жетіп тоқтады. Былтыр үшінші айналымнан аса алмады. Қазір Қазақстандық теннисші нағыз бабына келді. Өткен аптада Рим мастерсінде топ жарып, құмды кортқа бейімделгенін дәлелдеді. Жалпы "Ролан Гарросқа" Қазақстан атынан 7 теннисші қатысады. Ерлер және әйелдер арасындағы жекелей сында Тимофей Скатов, Юлия Путинцева, Александр Бублик бар. Жұптық сында Анна Данилина, Андрей Голубев пен Александр Недовесов ойнайды.