Елордада республикалық ат жарысы өтті
Жүзге жуық жүйрік қатысқан бәйге.
Елордада маусымның алғашқы демалыс күндері республикалық ат жарысы өтті. Рәміздер күніне арналған дүбірлі дода биыл 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырлып тұр. Оған еліміздің барлық аймағынан 100-ге жуық қатысушы жиналып, бәйгенің «Құнан», «Жорға», «Топ» және «Аламан» түрлері бойынша өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 7 шақырымдық «Құнан» бәйгеде Шығыс Қазақстан облысынан келген Сұлтан Төрехан топ жарса, 7 шақырымдық жорға жарысында жергілікті Шұбақ Жайлаубеков жеңімпаз атанды. 12 шақырымға созылған топ бәйгеде алматылық Бекзат Ділдәхан алдына жан салмады. Ал 18 шақырымдық «Аламанның» бас жүлдесі тағы бір астаналық Абдықал Асланбекке бұйырды. Айта кету керек, жарыстың жалпы жүлде қоры 20 миллоин теңгені құрады.