Әзербайжан астанасында таэквондодан әлем чемпионаты аяқталды
Құрамамыз құралақан қайтты.
Әзербайжан астанасында таэквондодан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты аяқталды және жерлестеріміз жүлдеге іліге алмады. Негізі үміт жарыстың соңғы күнінде болған. Әйелдер арасында 53 келіде Әзиза Қаражанова алдымен кипрлық, одан кейін бразилиялық спортшыларды ұтқан. Бірақ, үшінші айналымда тайбэйлік Поя Суға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал ерлер арасында аса ауыр салмақтағы Руслан Жапаров жарысты 2-ші айналымнан бастады. Алғашқы жекпе-жекте пәкістандық Хамза Омар Саидты ұтқанымен, кейін түркиялық Эмре Куталмыш Атешлиден жеңілді. Осылайша ұлттық құрама спортшылары 2-ші жыл қатарынан әлем чемпионатында медальға қол соза алмады. Айта кетейік, Бакудегі дүниежүзілік додаға 145 елден мыңға жуық қатысушы жиналды. Бұнда байрақты бәсекенің жүлдесінен бөлек, Олимпиада жолдамасына қажетті ұпайлар да сарапқа салынды.