Әлем үздіктері Астанада жиналады
Бұнда бірер күннен кейін дзюдодан гранд-слэм бәсекесі өтеді.
Айта кету керек, еліміз бұндай деңгейдегі доданы алғаш қабылдағалы тұр. Қазірдің өзінде 45 елден 400-ге жуық қатысушы келетіні белгілі. Жарыс жақындаған сайын олардың қатары артуы мүмкін. Әлемдік аламан Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. Ал жаттығу жұмыстары Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Қазір бұнда Ерлан Алпысбаев баптайтын ұлттық құраманың қыздары жиналып, жарыс алдындағы дайындықты пысықтап жатыр. Бас-аяғы 30-ға жуық бұрымды бар. Гранд-слэм бәсекесінің ерекшелігі қабылдаушы мемлекет әр салмақта 4 спортшыдан татамиге шығара алады. Бұл жас дзюдошыларымыз үшін керемет мүмкіндік дейді бас бапкер.
Ерлан Алпысбаев, дзюдодан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Қазақстанның ерлер құрамасы бірер күннен кейін қатарға қосылады. Гранд-слэм бәсекесіне дейін басқа елдердің қыз-жігіттерімен бірлескен жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отыр. Әлемдік аламанның өзі 16-шы және 18-ші маусым аралығында болады.