Астанада дзюдодан әлемдік гранд-слэм басталады
Кемі 2 алтын болу керек. Бүгін Астанада дзюдо жанкүйерлері тағатсыздана күтіп жүрген әлемдік гранд-слэм басталады.
Байрақты бәсекеге 46 елден 400-ге жуық қатысушы жиналды. Олар ерлер арасында 7, қыздар арасында 7 салмақта өзара мықтыны анықтайды. Ұлттық құраманың дайындығы жақсы. Кемі 2 алтын алып, тарихи жетістік тіркеуге болады дейді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев. Жарыс алындағы баспасөз мәслихатында дүниежүзідік доданы ұйымдастыруға қатысты тетіктер талқыланды. Өйткені Қазақстан дәл осы деңгейдегі жарысты алғаш қабылдап тұр. Бұнда олимпиадалық жолдамаға қажетті рейтингтік ұпайлар беріледі. Бұдан бөлек 154 мың еуроны құрайтын жүлде қоры бар. Айта кетейік, біздің ел дәл осылай 4 жыл қатарынан әлемдік гранд-слэмді өткізуге ресми рұқсат алды.
Самат Жылқыбаев, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Ел үздіктері анықталып жатыр
Мусин өз мықтылығын дәлелдеді. Талдықорғанда жүзу түрлерінен жазғы спартакиада жалғасып жатыр. 4 жылда бір өтетін байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 170-тен аса спортшы жиналды. Үшінші жарыс күні ұлттық құраманың үздігі Әділбек Мусин өз мықтылығын дәлелдеді. Астана өкілі 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алдына жан салмай, айқын басымдықпен озып шықты. Қыздар арасында ақтөбелік Еңлік Ұлтарақова жеңімпаз атанды. Жүзудің басқа бағыттарында, Егор Попов, Лев Черепанов, Еламан Бибулаев, қыздардан Ксения Игнатова, Мария Федотова және Даниела Дю алтын жүлдеге қол созды. Ал жалпы есепте Алматы қаласының құрамансы көш бастап келеді. Олар бүгінге дейін 11 алтын, 9 күміс және 12 қола жеңіп алды. Екінші және үшінші орында сәйкесінше Ақтөбе мен Астана спортшылары тұр. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасқаталып, тура бір айдан кейін Жапония өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Ауыр атлеттеріміз допингпен ұсталды
Тағы да допинг дауы. Бұл жолы ұлттық құрама сапындағы 6 ауыр атлетіміздің сынамасынан олқылық табылып, алдағы жарыстардан шеттетілді. Атап айтқанда, тізімге Арли Чонтей, Екатерина Алякина, Денис Полубояринов, Алина Колиушко, Алексей Чуркин және Нұрғиса Әділетұлы ілікті. Қазақстан ұлттық допингке қарсы орталығы олдардың тыйым салыған препарат қолданғанын анықтады. Сынамалар биыл 17 сәуірде жарыстан тыс алынған болатын. Бүған қоса күні кеше әлем чемпионы Артем Антроповтың да қанынан допинг табылды. Бұл жөнінде Халықаралық тестілеу агенттігі мәлімдеді. Антропов тура бір ай бұрын Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатына қатысып, күміс жүлдегер атанған еді. 2020 және 2022 жылдары да Азия чемпионатында топ жарды. Ал 2017 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған болатын.