Футбол. Сан-Марино – Қазақстан
Бүгін Қазақстан құрамасы Сан-Марино футболшыларымен ойнайды.
Еуропа чемпионатына іріктеу матчы елорда уақытымен түнгі бірде басталады. Кездесу Италияның Парма қаласында өтеді. Қазір Қазақстан құрамасында үш ұпай бар, Сан-Марино соңғы орында келеді. Біздің жігіттер жеңіске жетеміз деп желпініп отыр.
Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңі болсын, еуропа чемпионаты аясындағы ойындар болсын, Қазақстан құрамасының алаңға фаворит ретінде шығатын сәтін көп кездестірмейміз. Ал ол ойын, сырт алаңда, кәрі құрлықта өтетінін ескерсек, ертеңгі Сан-Мариномен болатын ойында біздің жігіттердің фаворит ретінде алаңға шығуының өзі үлкен жетістік. Соңғы өткен Даниямен болған тарихи жеңіс, жанкүйерлердің есінде. Міне сол бір жеңістен кейін жанкүйерлер бұл жолы да жігіттердің жеңісін көреміз деген үмітте.
Футбол. Италия. Парма қаласы. Қазақстан құрамасы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясындағы кезекті ойынын бүгін, дәл осы шаһарда өткізеді. Себебі УЕФА талаптарына сай келетін СанМаринодағы жалғыз стадионда күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Сондықтан еуропалық футбол қауымдастығы оларға қазақ жігіттерін көршілес елдердің бірінде қабылдауға рұқсат берген. Осыдан соң таңдау 200 шақырым қашықтықта орналасқан «Эннио Тардини» стадионына түсіпті. Міне дәл осы жасыл алаңда біздің жігіттер кеше алғашқы жаттығуын өткізді. Бас бапкер Могамед Адиев матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында жігіттердің сақадай сай екенін, дегенмен кездесудің оңай болмайтынын тілге тиек етті.
Могамед Адиев, Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Қазақстан құрамасын фаворит деп танитын күнге де жеттік. Бұл әрине жақсы. Дегенмен мұндай нәрсеге мен, мән бермеуге тырысамын. Себебі бізді аутсайдер санаса да, фаворит десе де, ол үшін ешкім ұпай ұстатпайды. Спортта сайысқа кім болып шығатының емес, жарыстан соң кім ретінде кететінің маңызды.Семейдегі алапат өрттен соң аза тұту күнін бастан кешіріп, көңілдері құлазып қалған қазақ елін жеңісімізбен қуантқымыз келеді.
Бүгінгі матчқа Абат Айымбетов қатыспайды. Сондай-ақ, Бауыржан Исламхан мен Аслан Дарабаев жарақатына байланысты құрамадан шет қалды. Қалған жігіттердің барлығы сақадай сай. Жанкүйерлер көптен күткен ақтөбелік Әлібек Қасым да құрамаға қосылды. Команданың көшбасшылары Асхат Тағыберген мен Бахтияр Зайнутдинов та бабында.
Бахтияр Зайнутдинов, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:
- Мен ұлттық құрамаға әрдайым көтеріңкі көңіл күйде келемін. Себебі ел намысын қорғау кезкелгенге бұйыра бермейтін бақ. ЦСКА сапында кубокқа қол жеткізгеніме келсек, ол мені одан әрі жаңа жетістіктерге жетелеп, қанаттандыра түседі. Сондықтан физикалық тұрғыда да, рухани жағынан да менде барлығы жақсы деп айта аламын.
Сан-Марино – Қазақстан арасындағы ойын бүгін, елорда уақытымен түнгі 12:45 те басталады. Могамед Адиев шәкірттері дәл қәзір АШ тобында үшінші орында келеді. Маңызды ойында жігіттерімізге сәттілік тілейміз.
Авторы: Айбек Қабылша