Алматыда баскетболдан балалар арасындағы ел біріншілігі басталды
Алматыда 13-14 жастағы баскетболшылар арасында Қазақстан чемпионатының жазғы маусымы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Біріншілікке 11 команда қатысып жатыр. А тобында 3 турдан кейін атыраулық ойыншылар алға шықты. Саламат Тұрғаев шәкірттері ұпайдан шашау шығармай, жеке дара көш бастап келеді. ІІ орында – батысқазақстандық ұжым. Орал баскетболшылары сәрсенбілік жарыс күні алаң иелерімен болған тартысты ойында 41:39 есебімен жеңіске жетіп Атырауды өкшеледі. Б тобында Алматы командасы озып тұр. 4 ойында жеңілген Павлодар мен жезқазғандық өрендер жүлделі орыннан үміт үзді.
Екі топтан үздік шыққан 4 команда сенбі, жексенбі күндері финалдық кезеңде бақ сынайды.
Иван Гайна, баскетболдан мемлекеттік жаттықтырушы:
- Баларлар жарысының осындай жаңа зәулім кешенде өтуі ел баскетболының дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Өйткені мұнда ата-аналарда келіп жас өрендердің жарысын көре алады. Ал жанкүйерлердің алдында олардың аянып қалмайтыны белгілі. Жалпы жарыс деңгейінің жылдан жылға жоғарылап келе жатқаны рас. Келесі жылы да бәсеке арта түседі деп ойлаймын. Өйткені жаңа құрылған облыстарда жарысқа команда қосуды жоспарлап отыр.