Велоспорттан ел үздіктері анықталды

Ел үздіктері анықталды.

Талдықорған қаласында тас жолдағы велоспорттан жазғы спартакиада жалғасып жатыр. Оған паралель, жастар, жасөспірімдер және паралимпиадашылар арасындағы Қазақстан чемпионаты да өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге барлық аймақтан 150-ден аса спортшы жиналды. кезекті, яғни үшінші жарыс күні жасөспірімдер 40 шақырымдық командалық сынға қатысты. Нәтижесінде жергілікті Жетісу облысының құрамасы топ жарды. Андрей Шубин, Андрей Гребенюков, Іляс Ерқасым және Кирилл Чжан төрттігі аталған аралықты 52 минут 3 секундта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. ІІ орын Солтүстік Қазақстан шабаноздарына бұйырса, үздік үштікті Алматы қаласының командасы түйіндеді. Ал қыздар арасында 25 шақырымдық бәсеке ұйымдастырылды және үш орынды да Жетісу облысының спортшылары жеңіп алды.

Талдықорған қаласындағы жарыс 25 маусымға дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша алдағы халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құрама жасақталады.

Игорь Чжан, жарысқа қатысушы: 

- Ұлттық құрама үшін жылдың басты бәсекесі Азия ойындары болып саналады. Қазір соған іріктеу жүріп жатыр. Бәсекелестік өте жоғары. Әр спортшы қазақстандық команданың қатарынан табылғысы келеді. Республикалық жарыстың Жетісу өңірінде өтіп жатқаны қуантады. Өз жарыс алаңымызда жеңіске жетуге тырысамыз.