Халықаралық Олимпиада күнін 200-ден астам ел атап өтеді
Бүгін Халықаралық Олимпиада күні.
Атаулы датаны 200-ден аса мемлекет жыл сайын атап өтеді. Олардың арасында Қазақстан да бар. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі жарыстар, шеберлік сағаттары және чемпиондармен кездесулер ұйымдастырылды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында олимпиада ойындарының орны ерекше. Отандық спортшылар төрткүл дүние алдында көк туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқатты. Жалпы бүгінге дейін жерлестеріміз кешенді сында 72 медаль жеңіп алды. Оның 14-і алтын.
Мерей Ақшалов, бокстан әлем чемпионы:
- Қазақстанда бізде Олимпиада жеңімпазы халық батыры болып есептеледі. 4 жылда бір келеді. Мемлекеттік деңгейде құрметтеледі. Сондықтан осы жарысты насихаттау үшін ҰОК осындай шара ұйымдастырып жатыр.
Елордадағы триатлон паркке жүзге жуық жас спортшы жиналып, жалпы физикалық дайындықты пысықтады. Олимпиада және әлем чемпиондарымен кездесіп, көкейдегі сұрақтарын қойды. Суретке түсті. Қолтаңба алды.
Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК Спорт департаментінің директоры:
- Отандық спорт үшін нағыз сын сағаты басталды. Өйткені Париж олимпиадасына бір жыл ғана уақыт қалды. Қазір біртіндеп лицензиялық жарыстарға қатысамыз. Рейтингілік ұпайларды түгендейміз. Ұлттық олимпиадалық комитет Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, спортшылар алаңсыз дайындалуға және жоғары жетістікке жетуге барлық жағдайды жасайды.
Париж Олимпиадасына бір жылға жетер-жетпес уақыт қалды. Бұған дейінгі жазғы ойындарға ұлттық құрама кемі 100 жолдама жеңіп алатын. Биыл да осы деңгейден төмен түспеу керек деген мақсат қойылып отыр.
Аслан Қаженов, Нұрғали Мамырбаев