Самарқандта баскетболдан жасөспірімдер арасындағы іріктеу турнирі өтті
Азия кубогына жолдама алдық. Өзбекстанның Самарқанд қаласында баскетболдан жасөспірімдер арасындағы іріктеу турнирі өтті.
16 жасқа дейінгілер арасындағы бәсекеге алаң иелерінен бөлек, Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары қатысқан болатын. Никита Ғалиахметов бастаған ұлттық құрама ә дегеннен өте жақсы өнер көрсетіп, алғашқы күні Қырғызстан құрамасын 97:42 есебімен ұтты. Ал қазақстандық команда сапындағы Иван Ремезев 16, Бейбарыс Сұлтан 14 ұпай жинап, үздік ойыншылар тізіміне кірді. Кейін жерлестеріміз алаң иесі Өзбекстан құрамасымен жолығып, тағы да ірі есеп айырмасымен жеңіске жетті. Қорытынды нәтиже 91:47. Қазақстан сапыннан бұл жолы Марлен Исабаев пен Алексей Дорошин 14 ұпайдан жинап, ең жоғары көрсеткіш тіркеді. Осылайша Қазақстан құрамасы Орталық Азия елдері арасынан суырылып алға шығып, Азия кубогының финалына жолдама алды. Құрлықтық дода қыркүйектің ортасына қарай Қатар астанасы Доха қаласында болады.