Елордада жаппай көкпар тартудан жарыс өтті
Игі шараға Астана қаласының «Көкпар» федерациясы мен Полиция департаменті мұрындық болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Білекті жігіттер арасындағы тартысты бәсекеге ел аймағынан 500-ге жуық шабандоз қатысты.
Шабандоз шыңдалатын, сәйгүлік сыналатын додаға Астанадан өзге, елдің барлық аймағынан да көкпаршылар қатысып, бақ сынады. Жаппай көкпардың айырмашылығы, мұндағы бәсеке әдеттегідей 2 команда арасында өтпейді. Ойыншылар бұл сайыста тек өз есебі үшін салым салады. Бас жүлде ең көп салым салған шабандозға бұйырады.
Ералы Мамыров, Астана қаласы «Көкпар» федерациясының президенті:
- Ең көп салым салған кісілерге кубок беріледі, ең көп салым салғандар автокөлік алады. Ең көп салым салған кісілер ақшалай сыйлық болады. Астананың өзінде жоқ дегенде 450-500 көкпаршы бар. Көбі енді атқа мініп, енді үйреніп жатқан, ат тәрбиелеп жатқан, өздерін тәрбиелеп жатқан мықты-мықты шабандоздар, мықты-мықты балуандар, осы ұлттық спортқа бет бұрып, қазіргі таңда осы ұлттық спортты дамытуға жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар. 2020 жылдан бері Астана қаласында 3 жылдың ішінде қарқынды дамып келеді.
Ат жалын тартып додаға түсіп жүрген кәсіби көкпаршылардан бөлек, әуесқой спортшылар да осы бәсекеде шаршы алаңға қосылды. Солардың бірі – Талғат Үсенов. Полиция басқармасында көлік жүргізушісі қызметін атқаратын ол қол бос уақытта қала сыртына шығып, атқа мінуді әдетке айыналдырған. Ара-тұра ат жаратып, бәйгеге сәйгүліктер де дайындайды.
Талғат Үсенов, Алматы аудандық Полиция басқармасының қызметкері:
- Осындай бос уақытта көкпар шауып тұрамыз. Бос уақытта атты суытып тұрамыз, атты баптайтындар бар, бір мезгіл шауып тұрамыз.
Астана қаласының Полиция департаменті де төл өнерді ұлықтауға үн қосты. Көкпарды жандандыру мақсатында қолға алған игі бастаманың тағы бір маңызды тұсы бар. Жауапты мекеме жарыс алаңына жиналған шабандоздарға «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберіндегі есірткімен күрес туралы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді. Ел азаматтарын сананы сансыратқан есіркіге әуес болғанша, рух пен жігерге, ұлттық тәрбиеге толы аламан бәйгеде белсенді болуға шақырды.
Қуаныш Орынбетов, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- Астана қаласының Көкпар федерациясымен бірлесе отырып, артымыздан еріп келе жатқан інішектерімізге, болашақ ұрпаққа қазақтың дәстүрлі спортын дамыту. Әрі қарай спортқа баулу дегендей, нашақорлықтан аулақ болу. Көкпаршылардың арасында әріптестеріміз өте көп. Мынау біздің полк қызметкерлері, арнайы батальонда істейтін, арнайы құрылымдарда істейтін қызметкерлер арасында балуан жігіттер көп.
Дүбірлі доданың қатысушылар саны да, сыйақы көлемі әлдеқайда жоғары. Ең көп салым салған ойыншыларға автокөлік және ақшалай сыйлықтар берілді.
Полиция басқармасы мен Көкпар федерациясы тәрбиелік мәні зор осындай сайыстарды алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырып тұруға келісті.