Боксшыларымыз Таиландтағы кәсіпқой жекпе-жек кешіне қатысты
Боксшыларымыз кәсіпқой рингте бағын сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халықаралық бокс қауымдастығы жыл сайын әлем үздіктерінің басын қосып, әуесқой боксшылар арасында шоу ұйымдастырады. Биылғы жекпе-жек кеші Таиландтың Пхукет қаласында өтті және оған 3 бірдей жерлесіміз шақырту алды.
Ең алдымен, орта салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы өзбекстандық Муджибилло Турсуновпен жолығып, қарсыласына есе жіберді. Кездесу барысында қазақ боксышысы жарақат алды. Артынша 71 келідегі Дулат Бекбауов та тағы бір өзбекстандық Асадхуджа Муйдунхуджаевтан жеңілді. Айта кету керек, қос боксшы бірер ай бұрын Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында кездесіп, онда да өзбек жігіті жеңіске жеткен болатын.
Ал әйелдер арасында қазақстандық Валентина Хальзова түркиялық Элиф Гюнерді жеңді. Жерлестеріміз осы кездесу үшін салмақ қосып, жаңа санатқа ауысқан еді. Соған қарамастан өте белсенді қимылдап, айқын басымдықпен ұтты.
Бокс кешінің ерекшелігі жекпе-жектер 5 раундтан тұрады. Бұған қоса жеңген боксшыға 10 мың, жеңілгеніне 5 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі.
Валентина Хальзова, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
- Кәсіпқой рингте бірінші рет жұдырықтастым. Сондықтан жекпе-жек алында қатты толқыдым. Кездесу ойдағыдай өтіп, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе. Осы кешке дайындаған бапкеріме және барынша қолдау танытқан отандастарыма алғыс айтамын.