Астанада қатерлі ісікті жеңген балалар арасында II Республикалық чемпиондар ойындары өтті
Елордада онкологиялық ауыр дертке шалдыққан және ағза трансплантациясы жасалған балаларға арнап спартакиада ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір Қазақстанда 4400 бала есепте тұр. Соның көпшілігі жіті лейкозға шалдыққан.
Онкогематологиялық аурулардан ремиссияға шыққан балалар үлкен спорт алаңына жиналды. Бір сәт бой сергітіп, жаңа орта тауып, өз қатарластарымен жарысып, уақыттарын көңілді өткізді. Екінші чемпиондар ойындарына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150 ге жуық бала келген.
Ләйлә Түсіпбаева, «Феникс» қайырымдылық қорының директоры:
- Жалпы осы ойынға қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Жыл сайын статистика бойынша 700 баладан обыр ауруы табылады. Бұл балаларға психологиялық және әлеуметтік реабилитация керек.
Медина есімді бүлдіршін 60 метрге жүгіру, пневматикалық мылтық ату секілді сайыстарға қатысады. Ерекше дайындықпен, көтеріңкі көңіл күймен келгені көрініп тұр. Ауыр дертті жеңіп шыққан бүлдіршіннің арманы бар.
Медина Ерғанат, қатысушы:
- Мен жүгіруге, асық атуға, боулинг ойнауға қатысамын. Дәрігер болғым келеді. Мен адамдарды ауырмасын деп оларды емдегім келеді.
Іңкәр Тілешова, мединаның анасы:
- Балам 2018 жылы маусым айларында ауырып, ақ қан ауруына шалдықты. Осы Астана қаласына келіп, балам маусым айынан 2018, 2019-дың қаңтар, ақпан айына дейін ем шара қабылдадық. Ойындарға қатысуға келдік. Бұл әлемде балалар ауырмасын! Батыр аналар, батыр балалар көп болсын!
Қазір елімізде обыр ауруларын емдеудің жаңа әдістері зерттеліп жатыр. Мәселен, ісіктерге жоғары мөлшерлі химиялық терапия, таргетті иммунотерапия, сүйек пен буындарды эндопротездеу технологиялары тәжірбие ретінде қолданып отыр. 2012 жылдан бастап балаларға туыстық және мәйіттік донордан 146 бүйрек ауыстыру мен 15 бауыр трансплантациясы жасалған. Бұл нәтижелер әлемдік көрсеткіштермен пара-пар.
Әл-Фараби Серіков, тілші:
- Республикалық чемпиондар ойындарына қатысушылар жеңіл атлетика, шағын футбол, үстел теннисі, шахмат сияқты спорт түрлерінен бақ сынап жатыр. Расында, бұл сайыстарға түсіп жатқан балалардың барлығы чемпион. Себебі олардың әр күні жеңіспен басталады. Ұйымдастырушылар жарыс келесі жылы да жалғасын табады дейді. Негізгі мақсат – онкологиялық аурулармен күресіп жүрген балаларға жан-жақты қолдау білдіру.
Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Ақылбек Есімсейітов.