Оралда 17 млрд теңгеге спорт кешені салынады
Орал қаласында құны 17 миллиард теңге тұратын көпбейінді спорт кешені бой көтереді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құрылысқа қажет қаржыны «ҚазМұнайГаз» АҚ бөліп отыр. Бүгін ұлттық компанияның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев жоба басында болып, уақыт капсуласын қалады, құрылысшыларға сәттілік тіледі.
Жалпы аумағы 3,8 гектар кешенде 1200 жанкүйер тамашалайтын үлкен спорт залы, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары болмақ. Сыртта теннис корты, воркаут жабдықтары, астыңғы қабатта тир орналасады.
Жамбыл Жетпісбаев, жоба жетекшісі:
- Сонымен қатар бассейн болады 6 жолақ, 25 метрлік және 20 адамға арналған фитнес залы болады. Екінші қабатта бізде үстел теннисі, күрес залы, бокс залы, садақпен ату болады.
Спорт кешені келер жылдың аяғында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Бүгін «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев нысан басында болып, құрылыстың алғашқы қадасын қақты, уақыт капсуласын қалады.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Спорт кешенін салу туралы мәселе көтеріліп, Президент осы тапсырма берген болатын. Енді біз қысқа уақытта тиісті жобаны дайындап, ең заманауи спорт кешені салынатын болады. Әрине, спорт кешенімен шектелмейміз. Биыл Рожков кен орнында бірінші газды шығара бастаймыз деген жоспарымыз бар жыл аяғына қарай. Яғни, өндірістік жобаларды да қолға алып жатырмыз. Сонымен қатар әлеуметтік жобаларды да іске асырып келе жатырмыз.
«ҚазМұнайГаз» АҚ мұнайлы өңірлердің мұң-мұқтажына қашан да қарайласып жүреді. Тек өткен жылы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарындағы әлеуметтік жобаларға 25 миллиард теңге бөліпті. Биыл олардың қатарына Орал өңірі де қосылып отыр.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов