Қытайда бүкіләлемдік универсиада басталады
Бүгін бүкіләлемдік универсиада басталады.
Биыл студенттер арасындағы байрақты бәсеке Қытай елінде өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңға жуық спортшы қатысады. Олардың қатарына қазақ қыз-жігіттер де қосылды.
Әлем үздіктері Қытайдың Чэнду қаласына ағылып жатыр. Студенттер арасындағы жазғы ойындар осыдан 2 жыл бұрын өтуі керек еді. Бірақ, пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Осылайша араға 4 жыл салып қана байрақты бәсекенің алауы қайта жанады.
Дүбірлі додада ел намысын 90 спортшы қорғайды. Олар Ақтауда өткен республикалық универсиадада іріктелінді. Жерлестеріміз 11 спорт түрінде медальға қол созып көреді.
Анастасия Рыпакова, ұлттық құрама мүшесі:
- Универсиада деген аты болмаса, заты әлем чемпионатынан кем емес. Өйткені басқа елдерден келіп жатқан спортшыларды жақсы білемін. Деңгейлері жоғары. Мен де солардан қалыспай, жақсы нәтиже көрсетуге тырысам. Негізгі дайындық Алматы қаласында өтті. Бірнеше жаттығу жиынына қатыстық. Бабымыз келісіп тұр. Көңіл-күйіміз де керемет.
Бүкіләлемдік универсиадада 18 спорт бағыты бойынша болады және 269 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандық қыз-жігіттер әсіресе садақпен ату, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу және теннис пен таэквондодан жеңіс тұғырына көтерілуі керек.
Ақерке Абылайхан, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Құзырлы министрлік алдағы уақытта студенттерді көбірек спортқа тартып, олардан резерв дайындауға ерекше басымдық бермек. Осы мақсатта алыс-жақын шетелдердің тәжірибесі зерделеніп жатыр.
Мұхтар Есқалиев:
Бүкіләлемдік ойындардың ашылу салтанаты бүгін Чэнду қаласындағы орталық стадионда өтеді. Салтанатты шарада көк байрағымызды дзюдошы Қаблан Нұрсұлтан ұстап шығады.
Аслан Қаженов, Диас Ковланбаев