Спортшыларымыз Қытайдағы бүкіләлемдік универсиадада 11 медель жеңді
Қоржынымызда 11 медаль. Оның 1-еуі алтын.
Қытайдың Чэнду қаласында бүкіләлемдік универсиада жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні таэквондошылар бәсекесі болып, 46 келіде ел намысын қорғаған Рита Бакишева чемпион атанды. Ол финалда тайпейлік Хуань Инь Суаньнан басым түсті.
Бұған қоса көркем гимнастика шеберлерінің де жарысы өтті. Бұл сында қазақстандық Эльжана Таниева 2 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Яғни, доппен жаттығу додасында күміске қол созса,тағы бір жекелей сында үздік үштікті түйіндеді.
Дзюдошыларымзыдың да аяқалысы жаман емес. Ұлттық құрама спортшылары 3 бірдей қола жеңіп алды. Атап айтқанда, орта салмақтардағы Сұңғат Жұбатхан мен Асқар Нарқұлов, бұған қоса 100 келіге дейінгілер арасында Бекарыс Сәдуақас жүлдеге ілікті.
Сұрмергендердің де жетістігіне ерекше тоқталуға болады. Олар 2 күміс пен 1 қола еншіледі. Әсіресе тапаншамен нысана көздеу бәсекесінде Никита Чирюкин екінші орынға тұрақтады. Артынша Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин үштігі командалық сында 1 күміс пен 1 қола жеңіп алды. Осының арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте әзірге 10-шы тұр. Топ басына Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония елдері жайғасты.
Ұлттық құрама қоржынындағы медальдар саны артуы мүмкін. Өйткені студенттер ойындары 3 тамызға дейін жалғасады. Байрақты бәсекеде 90 спортшымыз өнер көрсетеді. Олар 11 спорт түрінен сынға түседі.