Стенд атудан ел үздіктері анықталды
Ел үздіктері анықталды. Шымкентте стенд атудан республикалық жазғы спартакиада мәресіне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
4 жылда бір өтетін бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден аса спортшы жиналды. Сұрмергендер стенд атудың 8 бағыты бойынша өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде трап бәсекесінде жергілікті Даниил Почивалов пен Мария Дмитренко жеңімпаз атанды. Командалық сында да Шымкент қаласының спортшылары топ бастады. Аралас сында тағы да шымкенттік Виктор Хасянов пен Мария Дмитренко ең үздік нәтижені тіркеді. Ал скит бәсекесінде алматылық Александр Ещенко мен Анастасия Молчанова жеңіске жетті.
Командалық сында ерлер арасында Алматы, ал әйелдер арасында Шымкент құрамалары ұтты. Аралас сында алтын жүлде Алматы облысынан келген Эдуард Ещенко мен Әсем Орынбай жұбына бұйырды.
Айта кетейік, ерексектер бәсекесімен параллель жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты да ұйымдастырылды.