Парашют спортынан Қазақстан чемпионаты басталды
Алматы облысында классикалық парашют спорты бойынша ашық чемпионат басталды.
Байсерке әуеайлағына жиналған 50-ден аса әуе қыраны бес күн бойы парашютпен жеке секіру және топтық акробатика бойынша сынға түседі.
Мерейтойлық чемпионатқа Қазақстанның Қарулы Күштері парашютті дайындық Орталығының спортшылары мен Алматы, Балқаш, Қарағанды, Орал, Талдықорған қалаларынан келген әуе спортының шеберлері қатысып жатыр. Дайындықтары да мығым, бірақ, қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды, - дейді парашютшілер. Ең әуелі қалықтайтын қанатты мұқият жинау керек. Одан кейін ғана әуедегі әрекетке басымдық беріледі.
Елдар Маймақов, чемпионатқа қатысушы:
- Вертолеттен секіргенде ол сезімді айту мүмкін емес негізі, ол сезімді айта алмайсың. Секіру кезінде өзіңді ауада парашютті басқару, өз өзіңді ауада басқару, соны ойлайсың, ал қорқыныш сезімнің бәрін вертолетте тастап кетесің.
Чемпионаттың бірінші күні парашютшілер 1200 метр биіктіктен жеке секіруден сынға түсті. Жердегі нысананың ортасына дөп түсу үшін, есебің де дәл болу керек, дейді спортшылар. Жылдамдық, арақашықтық, желдің бағыты назарға алынады. Бүгінгі жарыста нысанаға дәл түсіп жатқандар да бар, өкінішке орай, есептен жаңылып, нысанадан ауытқығандар да болды.
Аслан Ермұрзаұлы, чемпионатқа қатысушы:
- Осы сәттілікке дайын болдық. Адамда ең главный психологический дайындық болу керек дейді ғой, психологический дайын болса адам ары қарай дайын болады бәріне. Секіргеннен кейін 500-600 метрге дейін дайындаламыз, одан кейін 300 метрден расчет кетеді. Егер де жел қатты болса, біз растояниені азайтамыз. Жел қазір жоқ. Жел 100-ге 100 болып тұр бізде.
Жарысқа қазылық еткен төрешілер спортшылардың дәлдігі мен шеберлігін электронды құралдар арқылы бақылады.
Тимофей Меркулов, Қазақстанның әуе спорты федерациясының вице-президенті:
- Чемпионат дәлдікке секіруден басталды. Алдағы күндері жеке және топтық акробатикадан жарыстар болады. Жарыс қорытындысы бойынша, үздік шыққандарға спорттық разрядтар беріледі.
Жеке және топтық акробатика бойынша спортшылар 2000-2500 метр биіктіктен парашютпен секіріп, өнер көрсетеді. Парашютшілер аспанда әртүрлі фигураларды жасауы тиіс. Бұл спорттың қызығы да, қиындығы да осында. Ашық чемпионат 5 күнге жалғасады.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов