«Астана» футболшылары «Динамодан» ұтылды
«Астана» «Динамодан» ұтылды.
Күні кеше футболдан қазақстандық жанкүйерлер тағатсызана күткен матч болды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аясында елордада жергілікті «Астана» мен Загреб қаласының «Динамосы» кездесті. Матч ә дегеннен тарысты басталды және 24-минутта есеп ашылды. Хорватиялық клуб сапындағы әзірбайжандық шабуылшы Махир Эмрели мергендігімен көзге түсті. Ал 89-минутта командаласы Антонио Марин есепті еселеді. "Астана" ойыншылары қанша тырысқанымен, қарымта доп соға алмады. Біраз мүмкіндікті мүлт жіберді. Қорытынды есеп: 2:0. Айта кетейік, Загреб қаласындағы алғашқы мачта алаң иелері 4:0 есебмен ұтқан болатын. Сәйкесінше, қонақтар сенімді түрде үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Енді олар грекиялық АЕК командасымен жолығады. Ал «Астана» жарысты Еуропа Лигасында жалғасырады. Келесі қарсыласы болгариялық Лудогорец". Кейінгісі де чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде жеңіліп қалды. Қос команда арасындағы алғашқы матч 10-шы тамызда Астанада болады. Ал қарымта кездесу 17-ші тамызда өтеді деп жоспарланып отыр.
Шағын футболдан Qyzmet Cup турнирі
Qyzmet Cup. Дәл осындай атаумен елімізде шағын футболдан мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері арасында турнир өтеді. Биыл 8 маусымы ұйымадстырылды және оған бас-аяғы 24 команда қатысты. Нәтижесінде, «Қуат» лигасында Мемлекеттік күзет қызметінің «Абырой» командасы чемпион атанды. Екінші орынды Ішкі істер министрлігінің жігіттері алса, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Қалқан» командасы үшінші орынды місе тұтты. Ал «Бірлік» лигасында «Қаз Әуе Навигациясының» командасы чемпион болды. Екінші орын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасына, үшінші орын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бұйырды. Qyzmet Cup 2018 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Жарыс тек Астанада емес, өңірлерде де ұйымдастырылады. Аймақта бірінші орын алғандар жуырда елордада өтетін супер кубок ойынына қатысады.
Шалқар Көшеров ҚР ІІМ командасының ойыншысы
Қоржынымызға тағы қос қола түсті. Қытайжың Чэнду қаласында бүкіләлемдік универсиада жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ушу шеберлерінің бәсекесі болып, қазақстандық Бексұлтан Қоскенов пен Әйгерім Төреханова жүлдеге ілікті. Екі спортшы да 60 келіде өнер көрсетеді. Олар барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалға шықты. Соңғы сында Бексұлтан қытайлық, ал Әйгерім түркиялық спортшыға есе жіберді. Осылайша ұлттық құрама қоржынындағы медальдар саны 13-ке жетті. Бұның алдында таэквондошы Рита Бакишева чемпион атанған болатын. 46 келіде ел намысын қорғаған ол финалда тайпейлік Хуань Инь Суаньнан басым түсті. Бұған қоса көркем гимнастика шеберлерінің де жарысы біз үшін сәтті өтті. Бұл сында қазақстандық Эльжана Таниева 2 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Яғни доппен жаттығу додасында күміске қол созса,тағы бір жекелей сында үздік үштікті түйіндеді. Дзюдошыларымзыдың да аяқалысы жаман емес. Ұлттық құрама спортшылары 3 бірдей қола жеңіп алды. Атап айтқанда, орта салмақтардағы Сұңғат Жұбатхан мен Асқар Нарқұлов, бұған қоса 100 келіге дейінгілер арасында Бекарыс Сәдуақас жүлдеге ілікті. Сұрмергендер жетістігіне де ерекше тоқталуға болады. Олар 2 күміс пен 1 қола еншіледі. Әсіресе тапаншамен нысана көздеу бәсекесінде Никита Чирюкин екінші орынға тұрақтады. Артынша Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин үштігі командалық сында 1 күміс пен 1 қола жеңіп алды. Осының арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте әзірге он бесінші тұр. Ченду қаласындағы студенттер ойындары 8 тамызға дейін жалғасады.