Минск қаласында ТМД елдерінің ойындары басталды
Беларусь астанасы Минск қаласында ТМД елдерінің ойындары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осымен 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарыс 22 елден 2 мыңнан аса спортшының басын қосты. Олардың арасында ұлттық құрама да бар. Қазақстандық қыз-жігіттер 14 спорт түрінде жүлдеге қол созып көреді. Алғашқылары жеңіс тұғырына көтеріліп те үлгерді. Әсіресе дзюдодан қос бірдей қоламыз бар. Атап айтқанда, 90 келіге дейінгілер арасында Сайын Алдияр мен 90 келіден жоғарғылар арасында Әлихан Назымханов үздік үштікті түйіндеді. Көркем гимнастика шеберлері де қолаға қол созды. Командалық сында ел намысын Милана Парфилова, Эрика Жайлауова, Диана Меңдібаева, Жасмин Жүнісбаева және Аида Хакімжанова сиқяты спортшылар қорғаған. І орын Ресей, ал ІІ орын Беларусь өкілдеріне бұйырды. Әзірге ұлттық құрама қоржынында 6 медаль бар және соның арқасында жалпы есепте 9-шы орынға тұрақтадық. Көрсеткішіміз әлі жақсара түсіуі мүмкін. Өйткені байрақты бәсеке 14 тамызға дейін жалғасады.