Елордада BAQ liga маусымы аяқталды
Елордада шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат аяқталды.
Шешуші ойын «Қазмедиа» мен «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі» командалары арасында өтті.
Спорт күнін БАҚ өкілдері көпке дейін есте сақтары сөзсіз. Бүгін шағын футболдан өткен кезекті BAQ liga мәресіне жетті. 2,5 айға созылған тартысты дода астаналықтар ғана емес, өзге де өңір журналистерінің спорттық қарымын шыңдады.
Әзиз Жұмаділ, «BAQ liqa» жетекшісі:
- Бұл журналистер арасындағы тимбилдинг. Журналистер жұмыстан тыс уақытта бір-бірімен кездесіп, жарыс алаңында доп теуіп қана қоймай, басқа шығармашылық жобаларды бір-бірімен ақылдасып, жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Биылғы маусымға елдегі түрлі БАҚ өкілдерінен құралған 13 команда қатысты. Олар «А» және «В» лигаларына бөлінді. Осылайша «А» лигасында бас жүлдеге «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің командасы» мен «Қазмедиа» командалары таласты. Тартысты ойында 4:2 есебімен «Қазмедиа» жеңімпаз атанды.
Абылай Ибрайұлы, «Қазмедиа» командасының ойыншысы:
- БАҚ лиганың финалында жеңіске жетуіміз команданың ойынына байланысты. Өзіміздің команда ойыншыларына рахмет айтам. Эмоциялар өте көп. Толқып тұрмыз.
Микрофон мен қаламды қару еткен журналистер қауымы спортта да осал емес. Сала министрі Дархан Қыдырәлі айтулы бастамаларға қолдау білдіруге дайын екенін айтты.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Амангелді Сейітхан бауырымыз да осы алаңда доп теуіп жүргенін білеміз. С. Бердіқұлов атындағы турнир бар. БАҚ лиганың волейбол турнирі бар. Оған біздің қыздарымыз да қатысады. Бұл кең өріс алып келе жатыр. Біз мұны тек қана қолдаймыз.
Биыл БАҚ лига шағын футболдан 13-ші маусымын өткізді. Бұдан бөлек қарымды қаламгерлер волейболдан да бақ сынайды. Келешекте бұл спорт түрлерін командалық шахмат пен үстел теннисі толықтырмақ.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейітов