«Футбол жолы» жобасы Ақжайыққа жетті
Қазақстан футбол федерациясы аймақтарды аралап, аладоп аламанын қыздырып жүр.
Орал қаласында арнайы фестиваль ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан аса адам жиналды. Аймақ үшін бұл - бұрын-соңды болмаған ауқымды іс-шара.
«Футбол жолы» жобасы бұған дейін Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларында ұйымдастырылды. Ал Оралдағы фестивальдің ерекшелігі – қала тұрғындары мен қонақтары, әсіресе, өскелең ұрпақ «Ақжайық» клубының жасыл алаңына аяқ басып, кәсіпқой аладоп аламанының атмосферасын сезінді. Шара аясында әртүрлі ойындар, жарыстар және сауалнамалар өткізілді. Бұған қоса, жиналған жұрт Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогының бас жүлдесі бәсекесін өз көздерімен көрді.
Ғайса Қапақов, БҚО футбол қауымдастығының президенті:
- Аға енді сол кубок қашан бізге шын күйінде келеді? Қашан Орал ел чемпионатында топ жарады? Қашан Еурокубоктарда ойнайды?
- Енді ол деген болашақтың жұмысы. Қазіргі кезде біз өзіміздің жастарды тартып жатырмыз. Өзіміздің жастарды тәрбиелеп шығарсақ, ол кубок келеді деп ойлаймын. Легионерге көп қарамай, өзіміз дайындауымыз керек. Өзіміздің жастарды дайындауымыз керек.
Жергілікті футбол жанкүйерлері игі бастамаларды қолға алып, көпшілікке үлгі көрсетіп жүр. Мәселен Әлихан есімді бала матчтан кейін стадиондағы қоқысты жинады. Бұл әрекет тіпті Мәдениет және Спорт министрінің де назарына ілігіп, арнайы сыйлығын жолдаған болатын. Бұған қоса Оралдағы футбол жанкүйерлері алғаш болып «мишкопад» акциясын ұйымдастырды. Нәтижесінде 4 мыңнан аса ойыншық жиналып, жергілікті балалар үйі мен дағдарыс орталығына табысталды.
Нұрхат Есетов, жергілікті тұрғын:
- Әр бала бақытты болу керек. Сол үшін осындай акция жасадық. Мишкопад деген. Өзім жайлы айтсам «Жеңіспен» ойнағанда болмадым. Өкінішті. Бірақ көмегімді беріп жібердім. Ойыншық бердім.
- Алдағы уақытта оны тұрақты ұйымадстыруға бола ма?
- Иә, болады, әрине.
Жалпы Батыс аймақта футболға деген қызығушылық өте жоғары. Қазірдің өзінде «Ақжайық» футбол орталығында 600-ге жуық өрен жаттығады. 9 бірдей балалар командасы ел чемпионатына қатысады. Енді олардың шеберлігін одан сайын шыңдап, саладағы жұмыстарды жүйелеу үшін жасыл алаңдарды көбейту керек. Әсіресе жабық үлгідегі инфрақұрылым жетіспейді. Осы тұрғыда кәсіпқой клуб басшысы әр жыл сайын үнемделген қаржыдан бір манежден салып тұру туралы ұсыныс тастады.
Гүлдария Қауиева, «Ақжайық» футбол клубының президенті:
- Барлық Қазақстанды шарлап жүреміз. Көріп жүрміз. Жабық манеждер салынып жатқанын. Бюджетіміз кішкене келісіңкіремейді. Ол жақтың бюджеті мен біздің бюджет. Айналып келгенде ақшаға келіп тіреледі. Егер футболға бірдей деңгейде ақша бөлінсе, бірдей деңгейде сол ақшаның жұмсалуын көрсете отырып, жабық манеждер салып отырса, нұр үстіне нұр ғой.
Қазақстан футболының 110 жылдығына арналған жоба енді Ақтөбе, Көкшетау, Семей және Астана қалаларында жалғасын тауып, осындай үлгідегі шараларды өткізе бермек.
Авторлары: Аслан Қаженов, Болат Жарылғасов