Қазақстан нысана көздеуден Париж Олимпиадасына лицензия алды
Алғашқы лицензияны сұрмерген әкелді.
Әзербайжан астанасы Баку қаласында нысана көздеуден әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні ерлер арасында пневматикалық винтовкамен 10 метр қашықтықтан ату бәсекесі өтті. Ел намысын қорғаған Ислам Сәтпаев іріктеу кезеңінде 632,7 ұпай жинап, Қазақстан рекордын жаңартты. Финалдық сында да тәуір нәтиже тіркеді. Соның арқасында жалпы есепте 4-орынға тұрақтады. Сәйкесінше жарыс үздіктеріне берілетін 4 жолдаманың біреуін иемденді. Алматы қаласының өкілі Париж Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.
Ислам Сәтпаев, Ұлттық құрама мүшесі:
- Өкініштісі, үздік үштікке ілігіп, жеңіс тұғырына көтеріле алмадым. Бірақ жолдамаға қол созғаныма қуаныштымын. Әрине Әзербайжандағы әлемдік аламан мен үшін үлкен тәжірибе болды. Осындағы қателіктерімді ескеріп, алдағы уақытта қайталамауға және бұдан да жақсы нәтижелер көрсетуге тырысамын.
Айта кетейік, Баку қаласындағы жарыс 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Сәйкесінше жолдамалар саны арта түсуі мүмкін. Байрақты бәсекеге 101 елден 1200-ге жуық сұрмерген қатысып жатыр. Араларында 50 Қазақстан өкілі бар. Олар нысана көздеудің барлық бағытында бақтарын сынайды.
Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты
Әлем үздіктері Будапештке жиналды. Венгрия астанасында жеңіл атлетикадан жылдың басты бәсекесі өтіп жатыр. Алғашқы жарыс күндері 2 бірдей жерлестіміз өнер көрсетіп үлгерді. Атап атйқанда ұлттық құрама сапындағы Каролин Кипкиру жүгіруден 10 шақырымдық додаға қатысты. Бірақ, ол мәреге дейін жете алмай, ең соңғы орынға тұрақтады. Енді ол 5 шақырымдық бәсекеде жүлдеге қол созып көреді. Бұған қоса, 110 метрге кедергілермен жүгіруде қазақстандық Давид Ефремов іріктеуден аса алмады. Ол 45 атлет арасынан 36-шы орынға жайғасты. Ал келесі кезеңге алдыңғы 24 спортшы ғана өтеді. Енді 35 шақырымдық спорттық жүрісте Галина Якушева 42 шақырымдық марафонда Жанна Мамажанова, 3000 метрге кедергілермен жүгіруде Дэйзи Джепкемей және биіктікке секіретін Надежда Дубовицкая, Кристина Овчинникова, Елизавета Матвеевалар жүлдеге таласып көреді. Будапешт қаласындағы әлемдік аламан 28 тамызға дейін жалғасады.
Жәнібек Әбдрашов, Қазақстан Республикасының Венгриядағы Төтенше және өкілетті елшісі
Спорт күніне арналған велошеру
Спорт күніне арналған велошеру. Елордада алғаш рет кәсіби не әуесқой спортшылар арасында емес, сол спортшыларға жағдай жасап, оларды жеңіске жетелейтін қызметкерлер арасында жарыстар ұйымадстырылды. Ең алдымен олар 25 шақырымдық велошеруге қатысты. Артынша дәл осы мамандар арасында гір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту және қол күресінен де бәсекелер болып, жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марпатталды. Бұған қоса, іс-шара барысында спортқа жауапты басқарма басшысы Самат Жылқыбаев елеулі еңбек еткен жандарға «Үздік спорт қызметкері» және «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін табыстады. Сонымен қатар, елордалық жас шахматшы Айару Алтынбекке ерекше құрмет көрсетілді. Ол бірер ай бұрын Грузиядағы әлем чемпионатына қатысып, 12 жасқа дейінгілер арасында жеңімпаз атанған болатын.
Бахтияр Масанов, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы