Тасжолда дайындалған шаңғышылар
Шығыс Қазақстан облысының шаңғышылары мен биатлоншылары тас жолдардың бойында жаттығу жасап жүр.
Себебі арнайы орын жоқ. Олардың жазғы жиыны қазір Риддер қаласында өтіп жатыр. Спортшылар шаңғы роллерлі жол салу туралы 20 жылдан бері айтып жүр. Тіпті, жаттықтырушылар өз қаржысына жобасын да жасап қойған.
Шығыс Қазақстан облысының шаңғышылары мен биатлоншылары жазда тасжолда жаттығу жасайды. Ұлттық құрамадағы спортшылардың 20 пайызы риддерлік шаңғышылар. Ал дәл мынандай жағдайда жаттығуға спортшының бәрі бірдей шыдай алмайды. Софья Колганова 13 жасында ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанып, өзінен бірнеше жас үлкен спортшыларды басып озды. «Арнайы шаңғы жолы жоқ жерде техникалық шеберлікті шыңдау өте қиын», – дейді ол.
София Колганова, спортшы:
- Біз бойымыздағы ерік-жігер мен туабітті мінездің арқасында ғана жарыстарда жүлдегер атанып жүрміз. Әйтпесе өзіміз жаттығатын мына жолдың ой-шұңқыры көп. Көбіне айналып өтуге тура келеді. Бізге шаңғы-роллерлі жол салып берсе екен дейміз.
Қазақстандық шаңғы спортының отаны саналатын Риддерде әлі күнге дейін жаздың күні жаттығуға арналған шаңғы трассасы жоқ. Ал еліміздің өзге өңірлерінде шаңғы-роллерлі базалар қалыптасып үлгерген.
Татьяна Дудченко, ҚР спортына еңбегі сіңген қайраткер:
- Өзге облыстар шаңғы спортын дамытуға барынша жағдай жасап жатыр. Павлодар облысында бір емес, екі бірдей шаңғы жолы бар. Қостанайда үлкен кешен салынып жатыр. Ақтөбенің де шаңғы-роллерлі базасы бар екенін білеміз. Қысқы спорт түрлерінен Риддердің өте мықты екеніне тарих куә. Біз қашанға осылай жүреміз?
Риддер шаңғышыларына қажетті қаржыны қоғам белсендісі тауып береді. Жергілікті шенеуніктердің шарасыздығынан ол өз қаржысына шаңғы-роллерлі трассасының жобасын жасатып та қойған.
Михаил Ковалёв, Олимпиадалық резервтер даярлайтын жастар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
- Ол бүгінде сараптамадан өтті. Барлық келісімдер мен рұқсатнамаларына дейін алып қойдық. 18 маусым күні Риддер қаласының атынан спорттық-туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында бюджеттік өтінім берілді.
Риддер қалалық әкімдігіндегілер шаңғышылардың жаттығу базасының құрылысына қажетті қаржы жергілікті бюджетте жоқ екенін айтады. Оған 120 миллион теңге керек.
Екатерина Кулакова, Қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы:
- Аталған бюджеттік өтінім бойынша облыстық мәслихат сессиясында нақты бір шешім қабылданады. Ол осы жылдың соңына дейін орындалып қалуы тиіс.
Жаңа спорт нысаны ашылса, үйірмелер толыға түсер еді. Бәскелестік болған жерде спортшылардың өзін өзі дамытуы жақсарады. Біздің елімізде қазір бір спорт түрінен 5-ақ шаңғышы сынға түсіп жүр. Бұл көрсеткіш үш есеге дейін артқан кезде ғана нәтиже жақсарады...