Бирмингемнен бірнеше медаль алдық
Қоржынымызда 4 медаль. Оның біреуі – алтын.
Дәл қазір Ұлыбритавнияның Бирмингем қаласында дзюдодан көру қабілеті зақымданған және мүлдем көрмейтін спортшылар арасында әлем ойындары өтіп жатыр.
Жарыстың алғашқы күні 4 жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Әсіресе, әйелдер арасында 48 келіде белдескен Ақмарал Науатбек барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Соңғы сында украиналық Юлия Ивантскаямен жолығып, ұстау әдісімен жеңді.
Артынша 73 келі салмақтағы Ерғали Шәмей де финалға шықты және жеңіс жолын жалғастырар мүмкіндігі болды. Бірақ ол шешуші кездесуде румыниялық қарсыласына есе жіберді. Негізгі уқаыт тең нәтижемен аяқталған. Қосымша уақытта Ерғалиға 3 шидо берілді. Бұған қоса, J2 санатындағы қос спортшымыз қола жеңіп алды.
Атап айтқанда, 60 келідегі Әнуар Сариев пен 73 келідегі Олжас Оразалыұлы үздік үштікті түйіндеді.
Бирмингем қаласындағы жарыс 27 тамызға дейін жалғасады.