Қазақстанның допты хоккейшілері Еуропаның үздігі атанды
Құрлық біріншілігі Братислава қаласында өтті.
Жерлестеріміз топтық кезеңде қатарынан бес ойында жеңіске жетіп, жартылай финалда Украинаны тізе бүктірді. Ал ақтық матчта айдын иелерін 9:1 есебімен ойсырата ұтты. Ұлттық құраманың дені Оралдың «Ақжайық» допты хоккей командасының түлектерінен жасақталды. Жергілікті жанкүйерлер даңқты жерлестерін әуежайда зор қошеметпен күтіп алды. Айта кету керек, қазақ бендишілері Еуропа чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден жеңіс тұғырынан көрінді.
Бержан Ахметжанов, ұлттық құрама команданың қақпашысы:
- Өте қызықты, тартысты ойындар өтті. Жеңіл болды деп айта алмаймын енді. Жеңіспен келіп отырмыз. Словакияның өзі мықты, Швейцария. Сондай мақсатпен бардық қой. Бірінші орынды ұтамыз деген мақсатпен бардық, жеңіл болған жоқ.
Николай Шавалдин, допты хоккейден ұлттық құрама команданың аға жаттықтырушысы:
- Еуропа чемпионаты жылда тамыз айында өтеді. Ол кезде бізде маусым әлі басталмағандықтан бұрын қатыспаушы едік. Биыл бірінші рет бардық. Екі жұма ерте дайындықты бастадық. Чемпионат екі күнде өтті. Бір күнде 4 кездесу болды. Оңай емес әрине. Жігіттерге ризамын. Жақсы ойын көрсетті. Енді алда Қазақстан кубогы. Одан кейін Ресейдің ашық біріншілігі. Ал наурыз айында Швециядағы әлем чемпионатына қатысамыз.