Елімізде ұлттық спорт мамандарын даярлайтын бағдарлама жасалып жатыр
Елімізде ұлттық спорт мамандарын даярлайтын бағдарлама жасалып жатыр.
Яғни Ұлттық спорт қауымдастығы мен Жоғары оқу орындары бірлесе кешенді бастаманы қолға алды. Бұған қоса салаға қажетті инфрақұрылымды жетілдіріп, әр бағыттың жұмысын жүйелейтін уақыт келді. Бұл жөнінде аталмыш ұйым басшысы Исламбек Салжанов мәлімдеді.
Ұлттық спорт қауымдастығына қарайтын федерациялар саны қазір 9-ға жетті. Әр бағыт республикалық ұйыммен бірге спортты дәріптеу мен дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Аударыспақ» федерациясы алғаш рет халықаралық съезд өткізіп, дүниежүзілік федерация құрды. Штаб-пәтері Алматы қаласында болады. Ал «Тоғызқұмалақ» федерациясы қыркүйекте 3 мың адамды бір мезетте ойынға тартып, КИНЭС рекордтар кітабына кірмек. Ізінше Алматыда алғаш рет оқушылар арасындағы әлем чемпионатын ұйымдастырады. Ал ең негізгі шара деп алдағы жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпнділер ойынын айтуға болады. Оған дайындық жұмыстары басталып кетті.
Исламбек Салжанов, ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
- Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Көшпенділер ойындары жылдан-жылға қанатын кеңге жайып дамуда. Ал келесі жылы елімізде өтетін шараға әлемнің 100-ден аса елінен 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңға жуық шетелдік турист келеді деп жоспарлануда.
Қауымдастық жетекшісі ұлттық спортты дамытуға кедергі болып тұрған мәселелерге де тоқталды. Оның ішінде елімізде ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлайтын бірде-бір орталықтың жоқтығы, ұлттық спорт инфрақұрылымының мүшкіл хәлі және ат индустриясы қолға алынбай жатқанын алға тартты.
Тастанбек Есентаев, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті:
- Мамандарды даярлау деген Исламбек Төреубайұлы өзінің баяндамасында айтып кетті. Бүгінгі кезде бізде ұлттық спорттың ұлттық спорт мамандары, ат спортының мамандары жоқ. Қазіргі кезде жаңа айтып жатқан 16 мың маман 9 спортта жұмыс жасап жатқан олар денешынықтыру пәнінің мұғалімдері. Қазақстан қазір 13 облысымызда клуб бар. 10 облысымызда арнайы балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Мәне осы мектептерде жұмыс жасайды.
Осы олқылықтарды жою үшін қазір жоғары оқу орындарымен бірге бағдарлама жасалып, кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, Парламент депутаттарымен бірге «Спорттық бағыттағы қазақ жылқы тұқымын сақтау және көбейту» туралы заңға өзгерістер енгізуге ұсыныс берілді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту мақсатында журналистер арасында «ALAMAN» медиа байқауын жарияланды.
Аслан Қаженов