Жүгіруден жыл сайынғы марафон өтті
Елордада «Астана Марафон 2023» шарасы өтіп жатыр.
Бұқаралық спортты дамытуға арналған шара осымен 8-ші рет ұйымдастырылды. Марафонда жүгіруге қазақстандықтармен қатар шетелдік азаматтар да келді. Халықаралық шарада жақсы нәтиже көрсеткендер, әлемдік деңгейге жолдама алады.
Шынымен де жексенбінің таңы кофеден емес, ортақ жаттығудан басталды. Астана Марафонға жиналған қауым ЭКСПО аумағында тіркеуден өтіп, бірден шараға дайындықты бастап кетті.
- 10 шақырым жүгіреміз Алла қаласа. Атмосфера керемет. Негізі бірінші рет жүгіріп жатырмын.
- 10 жыл болды марафонға қатысып жүргеніме. Адамдар көбейді. Жастар көбейді. Спорттық рух жақсы. Сол үшін келесің.
Дәстүрлі халықаралық марафонға биыл 2 мыңға жуық адам қатысады.
Самат Жылқыбаев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бұл марафонымыз 42 шақырым және 10 шақырымға. 42 шақырымға 260-қа жуық қатысушы қатысып жатыр. 10 шақырымға 1 800-ге жуық қатысушылар.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Астана марафонға әлемнің түкпір түкпірінен жүгірушілер жиналды. Биылғы жарысқа Германия, Испания, Ресей, Өзбекстан, тіпті АҚШ-тан келген қатысушылар бар. Сондай-ақ Қазақстанның 20-дан астам қаласынан жүгіретін азаматтар марафонға тіркелді. Қатысушылардың басым бөлігі 10 шақырып жүріп өтті. Бас аяғы 1 сағаттың ішінде марафоншылар осы қашықтықтан өтіп, мәре сығын аттады.
10 шақырымды 33 минутта жүгіріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып аттаған – Әлімжан Балтабек. 10 жылдан бері спортпен айналысатын жеңіл атлет ауа райына байланысты жүгіру тактикасын өзгертуге тура келгенін айтады.
Әлімжан Балтабек, марафонға қатысушы:
- Бүгін ауа райы жаңбырлы. Трасса кішкене тайғақтау, сол себепті жарақат алмау үшін бірқалыпты жүгіріп келдік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемдік деңгейге өту үшін Қазақстандағы марафон жолын сертификаттау өте маңызды болды. Өйткені Астана Марафонда жақсы нәтиже көрсеткендер әлемдік жүгіру жарыстарына жолдама алады.
Гаухар Брамлей-Фентон, Astana Marathon директоры:
- Орта Азиядағы әйелдер және ерлер санатында қазақстандық жүгірушілер ең жылдам. Біз әлемдік атлетика ұйымының сапа белгісін алдық. Марафонда кәсіби жүгірушілер лицензия ала алады.42 шақырымда жақсы нәтиже көрсеткендердің әлемдік марафондарға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл Бостон, Чикаго, Токио, Лондон, Нью-Йорк және Берлинде өтетін марафондар.
Биыл кейбір көшелер жөнделіп жатқандықтан жүгіру бағыты өзгертілді. Алайда бұл қашықтыққа еш әсер еткен жоқ. Желаяқтар белгіленген межені толық жүгіріп өтті.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Руслан Әлиев