Елордада VI Ұлттық спорт түрлері фестивалі басталды
Алдағы 5 күнде 1300-ден астам адам 11 спорт түрінен сайысқа түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін елордада Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль басталды. Фестиваль аясында спортшылар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық ойын түрлерінен күш сынасады.
Ал бұл мейрамның айтулы оқиғасының бірі – осымен 2 жыл қатарынан өткізіліп отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі. Оған елдің түкпір-түкпірінен келген 20 команда 14 күнде елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Фестивальдың салтанатты ашылуында сөз алған Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов келер жылы елде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды.