Әлем чемпионаты. Қазақ қыздары күміс жүлдеге ие болды

Әлем чемпионаты. Қазақ қыздары күміс жүлдеге ие болды

Тарихи жетістік. Қазақ қыздары командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Шахматшылардың дүниежүзідік додасы Польшаның Быдгощ қаласында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен таңдаулы 12 команда қатысып, зияткерлік ойынның рапид түрінен өзара мықтыны анықтады.

Павел Коцур мен Александр Моисеенко баптайтын ұлттық құрама топтық кезеңде Мысыр, Үндістан және Франция құрамаларын ұтты. Артынша ширек финалда  Германия, ал жартылай финалда тағы да Франциядан басым түсті. Ақтық сында Грузия қыздарымен жолығып, қарсыластарына есе жіберді.

Осылайша Грузия кезекті рет чемпион атанды. Ал Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Әсел Серікбаева және Әмина Қайырбековадан құралған ұлттық құрама екінші орын алды. Яғни, қазақ қыздары ел тарихында алғаш рет рапидтен командалық әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Үшінші орынға Франция өкілдері тұрақтады. Олар соңғы сында АҚШ құрамасын ұтты.