Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толып отыр
Биыл еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған орай Алматыда қазақ спортының дамуына үлес қосқан бапкерлер, ардагер спортшылар, Олимп шыңын бағындырған чемпиондар марапатталды. Спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер де құрметке ие болды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 7 жазғы, 8 қысқы Олимпиадаға қатысыпты. Сол байрақты бәсекелерде 79 медальға қол жеткізген. 15 рет алтын жүлдеге ие болып, 15 рет әнұранымыз орындалды. Біздің спортшылар 24 күміс, 40 қола медаль алған. Қазақстан Олимпиадалық қозғалысы бұқаралық спорттың дамуына да зор үлес қосып келеді. Алда Париж Олимпиадасы күтіп тұр. Біздің спортшылар 100-ге жуық жолдама алады деген болжам бар.
Елсияр Қанағатов, Ұлттық Олимпиада комитетінің Спорт департаменті басшысы:
- Оған қазірден бастап біздің спортшыларымыз жолдама жарыстарына қатысып жатыр. Тағы бір айта кететін мәселе, балалармен айналысатын жаттықтырушылардың жалақысының деңгейін өсіру керек. Неге десеңіздер, Қазақстанда дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен жалақысы өте төмен. Сондықтан жаттықтырушы болмай, жақсы спортшы болмайды. Соған көңіл бөлу керек сияқты.