Түркістанда 1300 шақырымдық бәйге жеңімпаздары марапатталды

Түркістанда дәл қазір «Ұлы дала жорығы-2023» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары марапатталып жатыр.

6 қыркүйекте елордадан басталған 1300 шақырымдық бәйге бүгін Түркістанда қортындыланды. Осы өңірдегі тілшіміз Жандос Жұмабек, қазір бізбен тікелей байланыста тұр. Жандос, бірнеше күн ат үстінде жүріп, 1300 шақырым жол жүру әрине оңай емес. Мұндай бәйгіге аттың аты, жігіттің жігіт ғана, шыдаса керек. Сонымен жеңімпаздар кім? Қара үзіп келген аттар қандай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- 14 күн бойы ұлы даланы дүбірге бөлеген жарыстың қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы топ жарып, мәре сызығын бірінші болып кескені туралы бұған дейін де айтқанбыз. Екінші орынды Ақтөбе командасы еншілесе, соңғы үштікті алматылық шабандоздар түйіндеген болатын.

Он төрт күннің қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы 1300 шақырымды – 93 сағат 47 минутта, Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минутта, ал алматылық шабандоздар 104 сағат 23 минутта еңсерді. Сонымен жарыс жеңімпазы деп танылған Жетісу облысының командасы 18 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды. 2-орын алған ақтөбелік шабандоздар 16 млн теңгені еншіледі. Ал 3-орын иегері Алматы қаласының командасы 9 млн теңгені қанжығасына байлайды. Төрешілердің шешімімен, мәреге төртінші болып келген Абай облысының командасына 5 млн теңге бұйырды. Сонымен қатар жекелей шабыста «Рекорд» командасының мүшесі Маңғыстаулық Мағжан Абдолұлы Адай жылқысымен рекорд орнатты. Ол соңғы 50 шақырымды 1 сағат 33 минутта шауып өтті. 

Мағжан Абдолұлы, "Рекорд" командасының мүшесі

1300 шақырымды 1 атпен бағындырған «Рекорд» командасының құрамы Астана қаласы, Маңғыстау және Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған. Оларға да жүлде берілді. 1-орынға 2,5 млн, 2-орынға 2 млн, 3-орынға 1,5 млн теңге көлеміндегі сыйақы табыстылды. Сонымен қатар командасы жарыстан шығып қалса да жорықты өз еркімен жалғастырған 10 шабандоздың әрқайсысына 1 млн теңгеден берілді.