«Ұлы дала жорығы» марафоны мәресіне жетті
«Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны өз мәресіне жетті.
6 қыркүйек күні елордадан басталған бәйге бүгін Түркістанда қорытындыланды. 19 команда қатысқан жарыста қай өңірдің тұлпарлары топ жарды?
Таңғы 07:00-де жарыс жолына шыққан шабандоздар соңғы 50 шақырымды 1,5 сағатта еңсерді. 14-кезеңнің қорытындысы бойынша Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды. Одан кейін мәре сызығын Ақтөбелік шабандоздар кесті. Ал Алматы қаласының командасы финишқа үшінші болып жетті. Бәйге жеңімпаздары жорық оңай болмағынын айтады. «Жезқазғанға жетпей бір атымыз жарыс жолынан шықты» дейді.
Рүстем Досжанов, Жетісу облысы командасының жетекшісі:
- 2 кезеңде Маңғыстаумен 3 күн жарысамыз деп тағы да бір атамыздан айырылдық. Бұл жобаны 3 атымызбен соны сақтап, соңғы шешуші 250-300 шақырымнан бастап қозғалып, жеңіске жетіп отырмыз. Бұл біріншіден шабандоздардың арқасы, аттарды тың алып келіп, мәреден өткен кезде аттар жалаудан үркіп, 1300 шақырым шаптым деп тұрған жоқ.
Мамандар ұлттық жоба бабалар жорығын қайта жаңғыртуды мақсат еткендіктен бұндай қашықтықты тек қазақы қазанаттар ғана бағындыра алатынын айтады.
Жандос Жұмабек, тілші:
- "Ұлы дала жорығы" қазанат пен азаматтың мүмкіндігі сыналатын жер. 1300 шақырымды аттың атты, жігіттің жігіті ғана еңсере алады. Мынау бірінші келген Жетісу командасының Айторы атты тұлпары. Бұл командадағы 1300 шақырымды жүріп өткен жалғыз жүйрік. Ал қалған аттардың барлығын 650 шақырымнан кейін басқа тұлпарлар алмастырған.
Астанадан 19 команда шыққанымен мәреге тек 4 команда ғана жетті. Абай облысының тұлпарлары төрші болып, жарысты түйіндеді. Бәйгені ұйымдастырушылар Маңғыстау командасы 1, қостанайлық тұлпарлар екінші орын алады деп жоспарлағандарын айтады. Себебі кешегі күнге дейін олар топ бастапты.
Бақытжан Тұрлыбеков, жорық ат спорты федерациясының президенті, жоба авторы:
- Қостанай кеше таңертең 1-орында келе жатқан 2 сағаттай уақытпен Жетісудан алдында. Бір аты шығып кетті де өздеріңіз білесіздер 3 аттан кем болса команда ретінде болмайды. 2 аты жаңа мәренің алдын кесті. Қостанай жылқысына бұл жерде жететін жылқы аз екенін дәлелдеді. Былтыр Адай жылқысын білесіздер «Ұлы дала жорығы – 2022» жылдың жеңімпазын Президентіміз ұлттық бренд деп жариялады. Бұл жолды, сапарды тек қазанаттар ғана бағындыра алатынын көрсетті.
Келесі жылы Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Жоба жетекшілері сол кезде ұзақтығы 400 шақырым болатын халықаралық бәйге өткізуді ұсынып отыр. Егер жоба қолдау тапса, жарыс Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәденитінен басталып, Елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығында түйінделетін болады. Ал марафон-бәйгенің жеңімпаздарын «Түркістан-арена» стадионында арнайы марапттайды.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш