Қазақстан киберспорттан Азия ойындарына қатысады
Қазақстанның киберспорт құрама командасы 19-шы Азия ойындарында алғаш рет ел намысын қорғайды.
Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтетін жарысқа Азия Олимпиадалық кеңесіне кіретін 45 мемлекет қатысады. Азия ойындары әлемдегі ең беделді халықаралық спорттық іс-шаралардың бірі. Сондықтан қазақстандық киберспортшылар үшін бұл жауапты кезең. Ұлттық құрамадағы әр спортшы өз саласының кәсіби маманы. Қазақстан киберспорт әлеміне жаңадан аяқ басса да, жеңіс қоржынында жетістіктер аз емес. Бірнеше халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша біздің спортшылар көш басында келеді. Киберспорттың ерекшелігі – қатысушылар белгілі бір құрылғыны қолданып, жарысқа түседі. Телефон, Playstation немесе компьютер арқылы ойнайды. Киберспорт ұғымы 80-жылдары Америкада пайда болса, Қазақстанда 2000 жылдардың ортасында белсенді түрде дамыды. Ал 2018 жылы ресми спорт түрі ретінде танылды.
Ержан Шакеев, Қазақстанның киберспорт құрамасының жаттықтырушысы:
- Өткен жылдың желтоқсан айында Бали аралында халықаралық жарыс өтті. Қазақстан Джимобайл бойынша алтынмен оралды. Енді олар бізді әрбір чемпионатқа чемпион ретінде шақырады. Елімізде киберспорттың деңгейі айтарлықтай дамыған.