Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтіп жатыр
Алматыда мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты басталды.
Тұңғыш рет өтіп отырған ауқымды шараға 17 елден балалар келген. Қазақстан, Ресей, Венгрия, Испания, Қырғызстан, Польша, Моңғолия, Түркменстан, Латвия, Чехия сияқты елдерден 150-ден астам ойыншы бақ сынайды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 миллион теңге. Әлем чемпионаты рапид және блиц ережесі бойынша өтеді. Яғни, блицте қатысушылардың қырағылығы мен шапшаң ойлауы бағаланады. Ал «Рапидте» әр ойыншыға белгілі бір уақытта кездесуді аяқтау шарты қойылады. «Әлемдік дода біздің оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы», - дейді ұйымдастырушылар.
Ернұр Мерешев, тоғызқұмалақтан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы:
- Алдында іріктеу болған. Іріктеуден өтіп барып Қазақстан намысын қорғайды осы әлем чемпионатында. Жарысымыз бізде бүгін, ертең рапид түрінен өтеді. Қалған екі күн бізде блиц түрінен өтеді. Жалпы жарысымыз төрт күнге созылады.