Азия ойындарына 500-ден аса қазақстандық спортшы қатысады
Байрақты бәсекенің басталуына бір күн қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ертең Қытай төрінде Азия ойындары жалауын желбіретеді. Жылдың басты бәсекесіне 500- ден аса спортшымыз қатысады. Бұл – өзіндік рекорд. Ұлттық құрамамен бірге әріптесім Аслан Қаженов те Хончжоу қаласына аттанды және қазір дайындықтың барысы жайында айтып бермек.
Аслан Қаженов, тілші:
- Мен қазір Қытайдың Хончжоу қаласындамын. Байрақты бәсеке өтетін аумаққа бірер күн бұрын жеттік. Оның құпиясын енді түсініп жатырмын. Бұл жақта ауа ылғалды. Үнемі аспанды қара бұл торлап, жаңбыр жауып тұрады. Сәйкесінше спортшыларымыз ертерек жетіп, климатқа және уақытқа бой үйрете беруі керек. Биылғы Азия ойындарына 500-ден аса спортшымыз қатысады. Олар Қазақстаннан арнайы 4 чартерлік рейспен жетікізіліп жатыр. Қазақстандық қыз-жігіттер арнайы олимпиадалық қалашыққа орналасып, бірден жарыс алындағы дайындықты пысқытауға кіріседі. Өйткені дүбірлі доданың маңызы ерекше. Бұнда Азия ойындарының жүлделерімен қатар Жазғы Олимпиаданың жолдамалары да сарапқа салынады.
Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Қытай елінің Ханчжоу қаласына ұшып келдік. Бірінші чартермен. 7-8 спорт түрінен бүкіл Қазақстанның спортшылары келді. Тола бір ұшақ десек болады. Спортшылар қазір бір-бірін көріп, осы жарыста алдарына мақсат қойып келіп отыр. Соның ішінде біздің боксшылар да бар.
Күні кеше спортшыларымыз жайғасқан олимпидалық қалашыққа да бардық. Бұнда Азия құрлығының түкпір-түкпірінен келген 13мыңға жуық атлет орналасқан. Олар бас-аяғы 40 спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды. Қазақстандық спортшылар оның 30-ында жүлдеге қол созып көреді.
Елсияр Қанағатов, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті дирекциясының басшысы:
- Біздің спортшыларымыз осы қалашыққа келіп орналасты. Жарыстарын бастады кейбір спорт түрлері. 200-ден аса спортшы осы қалашыққа келіп орналасты. Барлық жағдай жасалған. Ұйымдастыру комитетіне рақмет айтамыз. Спортшыларға, жалпы барлық делегация мүшелеріне жағдай жасалған.
Олимпиадалық қалашықта ресми ту көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Әнұранымыз шырқалды. Енді ертең Жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысамыз және қазақстандық қыз-жігіттер үшін нағыз сын сағаты басталады.
Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын Индонезияның Джакарта қаласында өткен құрлықтық додада жерлестеріміз жалпы есепте 9 орынға тұрақтаған болатын. Ал биылғы мақсат – осы межеден асып түсу, тіпті мүмкіндік болып жатса, алдыңғы бестікке кіру. Сәйкесінше ұлттық құрамамыз жарқын жеңістерімен қуантып, осы мақсатқа қол жеткізеді деген үміттеміз. Ендеше барлығына сәттілік тілейміз.
Авторлары: Аслан Қаженов.