Жәмила әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық балуан қыз Сербия астанасы Белград қаласында үздік үштіктен көрінді. Ұлттық құраманың көшбасшысы 1/8 финалда Еуропа біріншілігінің жүлдегері кілем иесі Фанни Нагиден басым түсті. Кейін бейтарап спортшы Ксения Буракованың мысын басты. Жартылай финалда моңғолиялық Даваанасан Энх Амарын Жәмиланың жолын кесті. ІІІ орын үшін өткен белдесуде жерлесіміз польша балуаны Наталья Ивона Стшалканың осал тұсын тапты. Қорытынды есеп: 4:1.

27 жастағы Қазақстандық спортшы әлем чемпионаттарындағы үшінші медалін мойынына тақты. Бұған дейін Бақбергенова 2 мәрте күміс алғанды. 

Жәмила Бақбергенова, әлем чемпионатының қола жүлдегері:

- ІІІ орынға жеңіспен жеткеннен кейін қуаныштымын. Бірақ алтын медаль үшін келгем. Бірақ осылай жартылай финалда қателік жібердім. Азия ойындары болады. Сол жақта мен 76 келі салмақта күресем. Бапкерім екеуміз көреміз. Егер 76-да жақсы күресіп жатсам, сол салмақта қаламыз.

 

Енді балуандар жазғы Азия ойындарына аттанады. Қытайдың Ханчжоу қаласында Париж олимпиадасының жолдамасы да сарапқа салынады. Белград боз кілемінде грек-рим күресінің балуандары жарысты бастады. Әзірге қазақ жігіттері іріктеу аса алмай жатыр. Әлем чемпионаты жексенбі күні аяқталады.