Қорғалжын ауданында бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр

Қорғалжын ауданында жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр.

Спортшылар кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрболат Рысмағамбетовтың жүлдесі үшін таласуда.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Жарысқа 15 салмақ дәрежесі бойынша 220 ға жуық жасөспірім қатысуда. Оның ішінде еліміздің 17 өңірінен, одан бөлек көрші Өзбек елінің жас боксшылары бар. Дәл қазір жартылай финалдың жолдамасы сарапқа салынып жатыр. Жеңіске жету үшін боксшылар барын салуда.

Биыл турнир үшінші рет өтіп жатыр. Негізгі ұйымдастырушысы, осы өңірдің тумасы, өз уақытында кикбоксингтен байрақты бәсекелерде топ жарған Нұрболат Рысмағамбетов. Жарыстың салтанатты ашылуында ауылдың ардагер жаттықтырушыларына ерекше құрмет көрсетілді. Сыйлы қонақтардың ішінде елге танымал спортшылар бар.  

Нұрболат Рысмағамбетов, кикбоксингтен екі дүркін әлем чемпионы:

- Халықаралық деңгейдегі жарыс. Алдыңғы жарыстарда 4-5 мемлекеттерден келген. Жасөспірімдер спорт шеберіне үміткер деген атақты алады. Біздің мақсатымыз ауыл спортын көтеру. Олимпиада түрі. Енді қазіргі таңда бокс түрі бірінші нөмірлі спорт қой елімізде. Осы жерден балалар өсіп болашақта әлем чемпионы, олимпиада чемпионы болады деген үміттеміз.

Мерей Ақшалов, бокстан мемлекеттік жаттықтырушы:

- Балалар үшін бұл жақсы бір жарыс. Тәжірбие жинау үшін бір-бірімен тәжірбие алмасады. Әр облыстан жиналады. Осындай ауылдық жерлерде көп жарыстар өткізу керек. Чемпиондардың көбі ауылдан шыққан. Бәріміз ауылдың балаларымыз ғой.

Қорғалжында 2025 жылға қарай жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі. Мұны аудан әкімі айтып отыр.

Берік Жанбаев, Қорғалжын ауданының әкімі:

- Енді біз қазір жабық үлгідегі спорт кешенін салу үстіндеміз. Екі мың квадраттай көлемі бар. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 2025 жылы аяқталады. Онда екі залы бар, жазғы ішінде футбол алаңы бар. Яғни, бір мезетте жүздеген бала дайындала алады.

Финалдық кездесулер жиырма төртінші қыркүйекте өтеді. Турнир келесі жылы да жалғасын табады.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Наурызбай Құрманғазы